Қаңғыбас ит-мысықтарды ұстау мен асырау жұмысын «Астана ветсервис» мекемесі өз мойнына алды. Бұл туралы elorda.info хабарлады.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Молдағалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта изоляторда 650-ге тарта ит пен мысық бар. Бұл бастама 2018 жылы басталып, бүгінге дейін 200 жануар жаңа иесін тауыпты. Ол сөз арасында мұндай жәрмеңке екі аптада бір рет ұйымдастырылып тұратынын ерекше қозғап өтті.
«Қолға түскен жануарлардың арасында сирек кездесетін тұқымдылары да бар. Бүгінде астанамыз күн санап ұлғайып барады. Қала сыртындағы саяжайлар, жекеменшік секторлар бұзылып, жұртшылық ол жерден көшіп кетіп жатыр. Міне, осындай шақта ит пен мысықтар далада қалады. Біздің қызмет көрсететін ұйымдар оларды ұстап, ветеринарлық дәрігерлер қарап, тиісті ем-шараларын қолданады», - дейді Айдын Молдағалиев.