Алматы маңындағы Жауғашты елдімекеніндегі ЛА-155/4 түрмесінде отырған 33 жастағы Дина Ысқақова «жан-жақтан жасалған қысымға қарсылық» ретінде аштық жариялағанын айтты. Ол бұл туралы Азаттық тілшісіне 14 тамызда түрме таксофонынан хабарлады.
Ысқақова сотқа жазасын жеңілдетіп, қамаудан босатуды сұрап арыз жазғанын, бірақ сот оның өтінішін қабылдамағанын айтады. Ол «түрме басшылығы сотқа қажетті құжаттарды әдейі дайындап бермеді» деп санайды.
Дина Ысқақова – осы түрмеде отырған трансгендер Виктория Берікқожаеваның шағымы бойынша істе куәгер. Ол соттың өзін қамаудан шығармағанын Берікқожаеваның ісімен байланыстырады.
Дина Ысқақованың айтқанын Алматы облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкері Сабира Мыңбаева да растады. Оның сөзінше, жазасын өтеушімен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр.
Мыңбаеваның айтуынша, Ысқақованың шағымы бойынша бүгін, 14 тамыз сот отырысы өтпей қалған, сондықтан ол аштық жариялады. Департамент өкілі келесі сот отырысы 16 тамызға жоспарланғанын жеткізді.
Виктория Бердіқожаеваның адвокаты Айман Омарова Ысқақованың трансгендердің шағымы бойынша істе куәгер екенін растады. Бұған дейін, Бердіқожаева «түрмеде зорлық-зомбылыққа ұшырадым» деп сотқа шағымданған. Омарованың сөзінше, Ысқақова куәгер болуға ауызша келісім берген. Адвокат Ысқақовамен ресми өкілі ретінде әлі кездеспегенін айтты.
- Дина Ысқақова жай куәгер емес, осы түрмедегі тағы бір сотталушымен бірге істегі негізгі куәгер саналады. ҰҚК қызметкері күдікке ілінгендіктен оған қысым жасалып жатуы мүмкін. Қазір бұл іс бойынша негізгі куәгер саналатын Ысқақова мен тағы бір сотталушыны уақытша тергеу изоляторына ауыстыруды талап етіп жатырмын, - дейді Омарова.
Адвокаттың сөзінше, Берікқожаева қазір Алматыдағы изоляторда отыр.
Алматы облысы прокуратурасы бұған дейін Азаттыққа Берікқожаеваның шағымын жедел тергеу тобы тексеріп жатқанын хабарлаған. Ал ҰҚК Азаттықтың «күдікті комитет қызметкері ме?» деген сауалын жауапсыз қалдырды.
Дина Ысқақова және осы түрмеде отырған Ирина Геондова және Жанна Омарова жыл басында Азаттыққа хабарласып, жағдайларының ауыр екенін айтқан.
«Есірткі сатты» деп айыпталған Геондова кейін денсаулығына байланысты бостандыққа шыққан. Сот тамыздың басында «терроризмді насихаттады, діни алауыздықты қоздырды» деп айыпталған Жанна Омарованың түрме жазасын шартты жазаға ауыстырған. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.
Ал «алаяқтық» бабымен сотталған Ысқақова түрме қызметкерлері тарапынан қысым көбейгенін айтады.
Азаттық түрмелерге жауапты мемлекеттік мекемелерге, Алматы облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне Ысқақованың шағымдары бойынша ресми сауал жолдаған. Департамент өз жауабында Ысқақованың шағымдарын жоққа шығарған.