Зеренді ауданында сақ жауынгерінің сүйектері табылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде БАөкілдерімен өткен брифингте Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл уақытылы қабылданған бағдарлама. Өйткені қоғамдық сана бір жақтан жаңаруды, бүгінгі күнгі заманауи көзқарасты талап етсе, екінші жақтан халқымыздың көне дәстүрлеріне жаңаша қарауды, өмірлік маңызды міндеттерді шешуде біздің ата-бабаларымызға жат бейқам көзқарастан бас тарту мен нақты рухани құндылықтарды жаңғыртуды қажет етті.
Зеренділіктер зор құлшыныспен бағдарламаны іске асыруға кірісіп, оны тіршілігіміздің барынша салаларымен біріктіре білді. Әлемдік қоғам тұрмысынан елеусіз қалмай, керісінше осы заманның үнемі өзгеріп отырған жағдайға бейімделуі үшін өзімізді, өзіміздің мінез-құлқымызды, құндылықтарымызды, көзқарастарымызды өзгерту қажет екенін түсіне алды», дейді «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы айтқан аудан әкімі Берікжан Әбутәліпов.
Әкімнің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары барлық бағыттар бойынша жүргізілуде. Зеренді ауданында неолит, палеолит, орта ғасыр, қола дәуірлеріне жататын 16 тарихи-мәдени мұра нысандары бар. Осы күні барлық аталған нысандарда QR-кодтар орнатылған.
«Ең танымал нысандардың бірі – Уәли хан мазары. Бүгінгі күні Ақкөл ауылдық округінің Қазақстан ауылының маңында орналасқан бұл киелі жері тарихшылар мен туристердің назарын тартуда. Себебі өз туған өлкесінде жерленген соңғы қазақ ханы, оның жақындары мен серіктестері жерленген жер болып табылады. Кәсіпкер-меценат Борис Козловтың қолдауымен бұл тарих ескерткіші қалпына келтіріліп, жайғастырылғаннан кейін мазарға деген қызығушылық арта түсті. Меценаттың рухани дүниелерімізді жаңғыртуға қосқан үлесінің арқасында осында мәдени-тарихи кешен пайда болып, зиярат етушілер үшін жағдайлар жасалды, осы жерде жатқан ұлы Абылайдың немересі – Уәли хан туралы кітап шығару мен оның өмірін зерттеу үшін ғалым-тарихшылар тартылды», деп толықтырды Берікжан Әбутәліпов.
Брифингте айтылғандай ауданда, суы ғажап, науқас адамдарды емдеу қасиеті бар, маңайындағы табиғаты таңқалдыратын белгілі Әулие бұлақ сарқырамасы. Танымалдығы одан кем емес – Әулиетас бар. Бұл жерде көптеген ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ғибадат еткен. Осы жылдың алты айында ғана Зеренді ауданының киелі орындарында 3 мыңнан астам адам болған, олардың ішінде орта және жоғары сынып оқушылары мен шетелдік туристер де бар.
«Ауданда қызығушылық тудыратын бірқатар археологиялық қазба орындары бар. Бұл Кеңөткел, Орманды Бұлақ қорымдары. Биыл облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану орталығының археологтарымен Васильковка ауылының маңында қазбалар жасалып, Сақ жауынгерінің сүйектері табылды. Біздің жеріміз есімдері өшпей, халық арасында құрметке ие талай ұлы тұлғалар – атақты билердің, батырлардың, танымал ақындардың мекені. Олардың арасында Бөгенбай би, Қанай би, Қосағалы батыр, Киік батыр және басқалары да бар. Осы тұлғалардың өмір жолы, еңбектері мен туған жеріне арнаған ерліктері туралы материалдар жинау, жерленген орындарын жайластыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда бұл жерлерге көптеген адамдар, соның ішінде жастар келіп, ерліктері осы күндерге дейін белгілі батырларымызға құрмет көрсетіп, туған жерінің тарихына үңіліп, ұлы тұлғаларды мақтан етуде», деп түйіндеді әкім.