16.08.2019, 09:20

Алматыда баланы ұрған тәрбиеші жоғалып кетті: оған үлкен көлемде айыппұл салынуы мүмкін (ВИДЕО)

Баланы ұрды деген тәрбиеші көмекшісі 5 тамызда балабақша жұмысқа тұруға келген. Арада 10 күн өтсе де сынақ мерзімінде жүрген.

Алматыда балабақшағы сәбиді түтпектеген тәрбиеші көмекшісі жауапқа тартылуы мүмкін. Әлеуметтік желіде тараған видеода ол бір жарым жасар бүлдіршінді ұйықтату үшін бетін шымшып, итергені анық көрінеді, деп хабарлады AstanaTV. 

Бұл оқиға Іле ауданының Байсерке ауылындағы жеке меншік балабақшада болған. Орталық меңгерушісі бұған дейін мұндай жағдай болмағанын айтады. Ал баланы ұрған тәрбиеші жұмысқа тұру үшін сынақ мерзімінде жүрген. Қазір бұл іспен прокуратура айналысып жатыр.  

«Көмекші тәрбиешіні шақырып алып, не болды десем: апай, менің тарапымнан ештеңе болған жоқ деді. Аман, сау қайтарғанмын деді. Мен ол кісінің бейнебақылауды көрейік дегеніне қарсы болған жоқпын. Екеуміз бірге отырып көрдік. Көрген кезде жаңағы жағдайды байқадым... Білмеймін енді», - деді «Ниет-ай» балабақшасының меңгерушісі Гүлфариза Қасымбекова.

Зардап шеккен баланың ата-анасы бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Бірақ өзге ата-аналар балабақшаны ақтап отыр. 

«Бұл тек меңгеруші үшін ғана емес, барлығымыз үшін сұмдық жағдай. Мен тек меңгерушіні, өзге тәрбиелеушілерге қолдау білдіру үшін келдім. Бұл балаға қол көтерген қыз жайлы ештеңе айта алмаймын. Меніңше алда мұндай орталықтарда жұмыс істей алмауы үшін оны дипломынан айыру қажет», - деді Байсерке ауылының тұрғыны   Жанар Қасенова. 

Баланы ұрды деген тәрбиеші көмекшісі 5 тамызда балабақша жұмысқа тұруға келген. Арада 10 күн өтсе де сынақ мерзімінде жүрген. Меңгеруші оның осыған дейін бірнеше балабақшада қызмет еткенін айтады. Қазір ол байланысқа шықпай отыр, дейді Іле ауданы білім бөлімінің мамандары. Ол бұл әрекеті үшін қоғамдық жұмысқа тартылуы не үлкен көлемде айыппұл төлеуі мүмкін. 

«Жекеменші балабақша болғандықтан біз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Бірақ жеке кәсіпкерге ұсыныс берілді, бұдан басқа күндері бұндай жағдай қайталанбасын деп. Айыппұл салынады ол кісіге. Біз тек қана келген ұсыныс немесе соттың шешіміне сәйкес қандай да бір шараны жүзеге асыра аламыз», - деді Алматы облысы Іле ауданы білім бөлімінің бас маманы Арайлым Төлеубекова. 

Бүгінгі күні бұл ауылда 23 балабақша жұмыс істейді, олардың 1-і ғана мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. Оларды ешқандай шағым түспей шенеуніктердің тексеруге құқығы жоқ. Сондықтан мамандар ата-аналарға қырағылық танытуды және бақылау камераларынан үнемі қарап отыруды ұсынады.