16.08.2019, 14:40

Қызылордадағы екі қабатты үйде газ баллон жарылды

Оқыс оқиға салдарынан 1942 жылы дүниеге келген азаматша күйік жарақатын алды.

Қызылорда қаласында екі қабатты үйде газ баллонынан газ таралуы салдарынан жарылыс болған. Бұл туралы Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Kyzylorda-news.kz.

Аталмыш төтенше оқиға кеше, 15 тамыз сағат 13.40 минутта болған. Облыс орталығындағы Әлихан Бөкейхан көшесі №45 үйдің екінші қабатында орналасқан №3 пәтерде редуктордағы ақауы салдарынан 27 литрлік баллоннан газ ауаға таралған. Нәтижесінде ол жанусыз күйдегі жарылысқа себепші болды.

«Оқыс оқиға салдарынан 1942 жылы дүниеге келген азаматша күйік жарақатын алды. Ол қалалық аурухананың травматология бөлімшесіне жеткізілді. Сондай-ақ, «Апаттар медицинасы орталығы» филиалының қызметкерлері осы үйдің тұрғындарына медициналық және психологиялық көмек көрсетті. Ал тұрғын үйдің №1, 3 пәтер тұрғындары туысқандарының үйлеріне орналастырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.