Еліміз суицид көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орындардың қатарында. Ал жасөспірімдер арасында өз өзіне қол жұмсау жағынан Орталық Азия құрлығында тіпті бірінші орынға шыққан. Азаматтарымыз неге өз өмірін қиюға жиі барады? Не түрткі?
«Суицид жасапты» деген жылт еткен жаңалықтарды көп еститін болдық. Психолог Ақгүл Молдабекова депрессия, стресс сияқты дүниелерге атүсті қарауға болмайды дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Депрессияның бір ауыр жері егер уақытында анықталмаса және дер кезінде мамандармен жұмыс жүргізілмесе онда оның соңы суидцидке әкеліп соқтырады яғни өз өзіне қол салуға. Сондықтан Күйзеліс стреске қарағанда аса қауіпті болып саналады. Сондықтан арнайы мамандарға жүгініп психиаторларға ем арқылы қалыпқа келіп отырады», - дейді психолог Ақгүл Молдабекова.
Өз өзіне қол жұмсамақ болған келіншекті құтқармақ болып көз жұмған полицейдің оқиғасы да есімізде. Осыдан 4 ай бұрын болған жайт жұрттың қабырғасын қайыстырған еді. Суицид жасаймын деп Жайық өзеніне секірген тұрғын аман алып қалған Шалқар Ақымғалиев өзі батып кетіп еді.
Мұндай фактілерді тізбелей берсең көп. Қалалы жерлерде тұратын не енді көшіп келгендердің жүйкесі жиі сыр беретіні жайында Серік Бейсенбайұлы айтады. Көптеген тұрмыстық проблемалар айналып келіп суицидке итермелеуі мүмкін екен.
«Салыстырмалы түрде айтатын болсақ мысалы ауылдан қалаға көшіп келген отбасылар болса, олар түрлі әлеуметтік күйзелістерге ұшырауы мүмкін. Соған байланысты стресстің әсерінен, қиыншылықтың әсерінен, басқа адамдардан көмек таба алмағандықтан адамдар қол жұмсап жатады», - деді әлеуметтанушы Серік Бейсенбайұлы.
Оқыған, көзі ашық адамдар кез келген проблеманы бағалап, оның шешу жолын іздейді. Ал өмірлік көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастардың жайы қиындау көрінеді. Құбажай Сәулебекова балалардың өз өзіне қандай жағдайда қол жұмсайтынын тізбелеп берді.
«Әке-шешесінің махаббатының жетіспеуінен, оларға көп көңіл бөлмегеннен көбінесе содан болады. Сыныптастарының арасында оның қолында басқалардікіндей ұялы телефон болмаса және киінгені басқаша болса, кішкене төмендеу болса сонда олар өздеріне қол жұмсауға баруы мүмкін», - дейді психолог Құбажай Сәулебеков.
Баланың қандай болуы отбасына ғана емес, ортасына да тікелей байланысты. Мамандар осыны баса айтады. Мұндай теріс үрдіске қатысты қала тұрғындарының пікірін біліп көрдік.
«Ата-аналар баласына қатал тәрбие береді. Яғни шектеу қояды көбіне еркіндік бермейді балаға, сол үшін көбіне суицид болады деп ойлаймын».
«Жасөспіімдердің не нәрсеге дайын болмауы, шыдамдылықтың аз болуы».
«Ұят деген нәрседен қорқады. Біреумен жыныстық қатынасқа түскеннен кейін, аяғы ауыр болып қалғаннан кейін ата-анасына айтуға қорқады. Сол себепті не істерін білмегендіктен суицидке барып жатады. Екінші себебі, балалар ата-аналарымен ашық сөйлесуден қорқады», - деді олар.
Бәленің бір шеті түрлі ойындарда да болып тұр. Көз ашқалы телефон, компьютерге телміріп өскен жастар виртуалды және шынайы өмірдің ара жігін ажырата алмай қалатын кездері болады екен.
«Реальный, шынайылық дейміз ғой біздің өміріміз содан олар алшақ болады да ойынның ішінде жүреді. Ананың ішінде қалай өлтіреді, қалай секіреді. Қалай ұшады, секіргенде түк болмайды деп ойлайды да солай жасаймын деп балконнан да секіреді, ойыннан көргенін жасап соған еліктеп өмірімен қоштасуы мүмкін», - дейді психолог Құбажай Сәулебекова.
«Тыныш отырсын, жыламаса болды» деп баланың қолына смартфон ұсынбас бұрын ата-аналар мамандардың айтқанын есіне алса дейміз. Әлем бойынша суицид ең көп жаслатын он елдің ішіне кіру, сүйінші сұрайтындай жаңалық емес.