$ 498.34  519.72  4.85

Ақмола облысының тұрғыны дала өртінің тұтануына себеп болды

Ақкөл ауданы Виноградовка ауылының тұрғыны 14 тамызда болған дала өртінің тұтануына себепші болып отыр.

Ақмола облысы Ақкөл ауданының тұрғыны тракторда жұмыс істеп жатып, дала өртінің  тұтануына себепші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомствоның ақпараты бойынша, Ақкөл ауданы Виноградовка ауылының тұрғыны 14 тамызда болған дала өртінің тұтануына себепші болып отыр. Ақкөл аудандық ТЖД қызметкерлері анықтағандай, өрт пішен шабуға шыққан ауыл тұрғынының тракторының газ шығаратын түтігінен тұтанған. «14 тамызда сағат 10-17-де Ақкөл қаласының өрт сөндіру бөліміне Наумовский ауылдық округінің аумағында 0,5 гектар құрғақ шөптің жанып жатқаны туралы хабар түскен. Өрт бір сағаттан кейін ауыздықталған. Оны сөндіруге орман шаруашылығы, өрт сөндіру бекеті күштері мен Қазавиаорманқорғау тікұшағы атсалысты. Кейінірек 25 жастағы Ақкөл ауданы тұрғынының өрт тұтануына себепші болғаны анықталды. Трактордың газ шығаратын түтігінде ұшқын сөндіретін бөлшегі болмаған», - деді Ақкөл аудандық ТЖД бастығы Болат Құсайынов. 

Ауыл тұрғыны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 410-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. «Ауыл тұрғыны кінәсін толықтай мойындады. Ол өртті байқаған сәтте өзі сөндірмек болған, алайда қатты желдің салдарынан сөндіру мүмкін болмаған. Кейін өрт сөндірушілерге хабарласып, оқиғаны хабарлаған», - деді Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары