$ 443.85  474.3  4.8

Мал өсірсең қой өсір...

Оңтүстік өңір уақ малға бай. Соның ішінде асыл тұқымды малдың үлесі аз емес. Облыста 120 шаруа қожалығы асыл тұқымды қой өсіруге ерекше басымдық беріп отыр.

Бүгінде облыста  4 111,4 мың қой мен ешкі бар екен. Әлбетте, бұл  шаруалардың ерен еңбегі мен мемлекет тарапынан берілген қаржылай көмекті тиімді пайдаланудың арқасы. Төрт түліктің ішінде қой шаруашылығында асылдандыру жұмыстарына көбірек мән берілген. Бұған шаруалардың өздері қызығушылық танытып отыр. Мұндағы мақсат - аз шығын жұмсап, көп өнім алу.

Оңтүстіктің мақтанышы - «Ордабасы» атты асыл тұқымды қой түрі. Бұл - оңтүстік ғалымдарының 21 жылдық еңбегінің жемісі. Бір аталық мал басы 120 кг дейін ет береді. Бүгінде ел аумағына таралған ет бағытындағы аталмыш қой тұқымына көрші мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Өйткені, жаңа тұқымды қойлар ыстық пен суыққа төзімді, шөлге шыдамды. Жүні мен майы аз, еті мол. Төрт айлық қозының орташа салмағы 40 келі тартады. Ірі, сақа саулықтардікі - 70-90, ал қошқарларының салмағы шамамен 95-тен 120 келіге дейін жетеді. Еттілігіне байланысты мұндай қой тұқымы қазірдің өзінде аса өтімді. Қазақы қойдың тағы бір ерекшелігі - барлық жердің табиғатына тез бейімделеді. Төзімді, жер таңдамайды, жылдам жетіліп, тез қоңданады. 

Бүгінде облыста 70 мың бас «Ордабасы» қойы бар. Негізінен, бұл қой тұқымының басын көбейтуді Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш, Отырар және Сайрам аудандарының шопандары мықтап қолға алған. Мәселен, Ордабасы ауданындағы «Сералы» шаруа қожалығы бұл қойды 20 жылдан бері өсіріп келеді. «Қазір ұсақ малдың май емес, ет беру өнімділігіне ерекше мән беріледі. Бұрын керісінше еді. Сол себепті, бұл қойлардың бойына май емес, етті көп жинайтындығы көпшілікті қызықтырады. Биылдың өзінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарына 2500 саулық пен тұсақ саттық», - дейді шаруа қожалығының басшысы Сералы Әбжанов.

Бүгінде «Сералы» шаруашылығында 8 мыңға жуық «Ордабасы» қойы бар. Өткен жылы мемлекеттен 5 млн 200 мың, биыл 5,5 млн теңге алып, игілікті іске жұмсапты. Таяуда ауданға сапарлап келген облыс әкімі Б. Атамқұлов осы шаруашылыққа арнайы соғып, мал жайымен танысыпты.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқарамасының бөлім меңгерушісі Оразтай Науатұлының айтуынша, биыл «Ордабасы» тұқымы жергілікті малдарды ұрықтандыруға қолданылуда. «Себебі, мемлекет тарапынан асыл тұқымды қошқарларды жалпы шаруаға бірдей етіп, аналық бастарын тегін қашыртуға көмек беріліп отыр. Барлық шығындарды мемлекет көтереді. Қазіргі таңда 80 мыңдай малды ұрықтандыру жұмыстары жүріп жатыр» дейді маман.

Бөлім меңгерушісінің айтуынша, ағымдағы жылы «Алтын асық» бағдарламасы аясында 40 мыңға жуық тұсақ сатып алынған. Мемлекеттен берілетін субсидия да шаруаларға аз көмек емес. Айталық, қойдың аналық басының саулығына 1500 теңгеден субсидия беріледі. Малды асылдандыру үшін сатып алынатын бір бас малдың субсидиясы - 8000 теңге.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары