Шымкент қаласының 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында шаһар базарларының заман талабына сай болуы туралы айтылған еді. Осыған орай қала әкімдігінің салаға жауапты басшылары шаһар ішінде орналасқан ірілі-ұсақты бірнеше базарларды аралап көрді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметінен.
Әрі, сауда-саттықпен айналысатын жандарға республикадағы үшінші қала атану үшін ірі сауда орындарының санитарлық тазалығы мінсіз, өрт қауіпсіздігі жоғары деңгейде сақталуы тиіс екендігін түсіндірді.
Тексеруші топ 5 гектар алқапты алып жатқан «Авто нұр» базарында болып, 1500-ге жуық сатушының жағдайымен танысты. Базар басшылары сауда орнының жаңа жобасын дайындап, оны жүзеге асыруға рұқсат алып қойғандығын айтты.
Қаланың болашақ даму жобасында шаһар ішінде орналасқан ретсіз сауда орындарын жинақылыққа келтіру үшін «Қазыбек» базарын қала сыртына көшіріп, «Шымкент Тұлпар» базарына жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, «Қырғы» базарды шаһарға келген туристердің еркін аралауына ыңғайлы «Шығыс» базары етіп, қайта құру жұмыстарын жүргізбек.
Атап айтар болсақ, Шымкент қаласында жалпы 19 базар бар. Олардың ешқайсысында көлік тұрағы мәселесі шешілмеген. Ал қолданыстағы заңға сәйкес, әр базар аумағының 36 пайызы автотұрақтарға берілуі керек.
Базарды аралап көрген қала әкімдігінің мамандары сауда орнының басшыларына бірқатар ұсыныс, ескертпелерін айтты.