21.08.2019, 22:59

Билік Жамбылдағы түрмеде қайтыс болған тұтқынның өзін өлтіргенін айтты

Комитет жазуынша, дәрігерлер бригадасы тұтқын асылып қалған болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Құқық қорғаушы Елена Семенова 20 тамыз күні кешкісін өзінің Facebook парақшасында 19 тамызда Жамбыл облысындағы ЖД-158/7  колониясында тұтқынның қайтыс болғанын хабарлады. Семенованың ақпаратына қарағанда, түрме әкімшілігі сотталушының асылып қалғанын айтады. "Басқа тұтқындар бұған сенбейді" деп жазады құқық қорғаушы.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Семенованың жазбасын қалдырған комментарийінде қауіпсіздігі жоғары ЖД-158/7 колониясының бақылаушысы 19 тамыздағы тексеріс кезінде сотталған азаматтың денесін тапқаны айтады. Комитет жазуынша, дәрігерлер бригадасы тұтқын асылып қалған болуы мүмкін екенін хабарлаған. "Мәйітті қарау кезінде оған күш қолданылғанын айғақтайтын іздер анықталмады" дейді комитет. Атқару комитеті бұл оқиға бойынша Жамбыл аудандық қылмыстық-атқару жүйесінің департаменті қызметтік тергеу бастаған.

Құқық қорғаушы сөзінше, сотталған басқа азаматтар тұтқынның суицид жасағанына сенбейді. "Оқиғадан соң барлық тұтқынды орындарына қамап тастап, ешкімді шығармаған" дейді Семенова желідегі жазбасында. Ол түрме әкімшілігі "барлық факті мен ізді жасыру үшін осылай еткен" деп топшылайды. Комитет мұны жоққа шығарды.

Қазақстан түрмелеріндегі азаптау мәселесін талқылау 25 шілдеде тараған видеодан соң күшейген. Заречный түрмесінде түсірілген видеода түрме қызметкері мен сотталғандар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты ұрып жатқаны көрінеді. Кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 түрмесінің жеті қызметкері "жазаланғанын" айтқан. Колония басшысы мен орынбасары, сондай-ақ төрт азаматтың қызметінен босатылған.

Құқық қорғаушылар мұндай жазаны жұмсақ деп сынап, тұтқын азапталған түрменің басшылығын қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен. Мұнан соң қылмыстық-атқару комитеті бұл азаптау оқиғасын "жалғыз оқиға" деп атаған.

Дереккөз: Азаттық

 

Тегтер: түрме жамбыл