$ 494.87  520.65  4.91

30 мың теңгелік сертификаттың жыры: балаларына киім таппаған көпбалалы аналар әкімдікке наразы (ВИДЕО)

Айтуларынша, жергілікті билік 30 мың теңгелік тауар алатын сертификатты баға шарықтап кеткенде бір-ақ үлестіріпті.

Нұр-Сұлтан қаласында жүзден астам көпбалалы ана киім сататын дүкенде шу шығарды. Сағаттап ұзын-сонар кезекте тұрған аналар әкімдікке өкпелі, деп хабарлады КТК арнасы. 

Айтуларынша, жергілікті билік 30 мың теңгелік тауар алатын сертификатты баға шарықтап кеткенде бір-ақ үлестіріпті. Киім таппай сабылып жүрген аналар сертификатта бекітілген 7 дүкеннің тек біреуіне ғана ағылып жатыр. Себебі, бұл сауда орнында баға арзан және таңдау бар екен.

Айта кетейік, елорда әкімдігі жақында көмек ретінде көпбалалы аналарға 30 мың теңгенің тауарын алуға мүмкіндік беретін сертификат үлестірген еді. Алайда сертификатта бекітілген дүкендердің бірінде қара құлып тұрса, енді бірінде баға аспандап кеткен. Оған қоса, балаларға шақ келетін киім жоқтың қасы. 

Мектеп формасын таппай сандалған аналар амалсыздан таңдауы көп дәл осы дүкенге ағылуда. Таңнан бері кезекте тұрған аналар сертификатта белгіленген сауда орнындағы бағалар аспандап кеткен деп ашынады. 

"Сарафандар 8 мың теңгеден. Қара базардан 5 мың теңгеге алуға болады. Амал жоқ. Балаларым үшін аламын. Сертификатта жазылған дүкендерде таңдау мүлдем жоқ. Екі баламды киіндіруім керек. Қалай жеткізерімді білмей басым қатты. Мына дүкеннің ішіне әлі кіре алмай тұрмын", - деп жан ұшырды Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Лейла Шүкешова.

Дүкен сатушылары мұндай қарбаласты күтпесе керек. Халық лап бермесін деп есікке күзетші қойған. Кәсіпкерлердің билік өкілдеріне де өкпесі қара қазандай. Олар аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек тым кеш берілді деп отыр. 

"Жеті дүкен бар. Неге сол жаққа бармайсыздар деп сұрап жүрмін. Ол жақта ештеңе жоқ дейді. Қалай сонда? Сауда қызған шақта сертификатты үлестіруге бола ма? Баға туралы көп сұрайды. Біздің киімдер өте сапалы. Сондықтан баға да қымбат", - деді кәсіпкер Бейбіт Күлшебаева.

Бұлай жалғаса берсе, көмек берілген 7 мыңнан астам бала мектепке қажетті киім-кешекті алып үлгермеуі мүмкін. Сондықтан дүкен сатушылары жұмыс уақытын ұзартуға мәжбүр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#киім