Тойларда асаба қызметін атқаратын Берік Алибаев есімді азамат қазіргі қыз ұзатуда жөнсіз іс-әрекеттердің жиі орын алатынын айтып берді деп жазады «Замана» басылымы.
«Асабалар – халықтың салт-дәстүрін, тарихын, шежіресін халыққа жеткізушілер. Сондықтан той жүргізушілер сөзге мән беруі керек. Өйткені қазақтың сөзі жай ғана сөз емес, біздің тарихымыз бен шежіреміз. Мәселен, сүндет тойларда «Ұлымыздың мұсылман болғаны құтты болсын!» деп айтып жатады. Мұны естіген халық та оны солай қабылдайды, солай айтады. Мен осы сөзді дұрыс емес деп ойлаймын. Кез келген дүние есігін ашқан қазақ баласы дүниеге мұсылман болып келеді. Сондықтан мұсылман болғаны емес, «сүндеттелгені құтты болсын» деп айтылуы керек. Біреулер «піштіру», «пішпе той» деп те жатады. Біле білсек, адамды емес, малды піштіреді. Дұрысы – «сүндет той». Өзім тойларда жиналған қауымға бұл сөздің қате екенін айтып та жүремін.
Содан соң «азулы асаба» деген сөздің мән-мағынасы кетіп қалды. Азулы асаба дегендер – шежірені жатқа білетін, көргені мен түйгені мол, қазаққа нағыз жанашыр, кез келген жерде сөздің майын тамызатын, ақиқаттың айғағын, тәтті сөздің қаймағын айтатын адамдар емес пе?! Бүгінде тойға шығып жүргеніне бір ай болған жас жігіттер өзін «азулы асаба» деп жатады.
Күйінетінім, қазақтың ойлы, мағыналы сөздері, салт-дәстүрі, тіпті дінге қатысты дүниелер – барлығы елеусіз қалуда, өзгеруде. Мысалы, дінде өз-өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шықпайды дейді. Бірақ қазір жаназасын шығарып жүр. Бұл көзіміз көріп жүрген дүние. Ал тойларда той иелері «халал той» дейді де, «сұрап жатқандар болса» деп «складқа» екі жәшік арақ әкеліп қояды. Сонда арақты шәйнекке құйып берсе, Құдай оны ыдыстың ішінен көрмей қала ма? Онымен кімді алдап жатыр? Оның өзі бір мәселе», – дейді Берік мырза.
Тамада жігіт қазіргі ұзату тойлардағы кейбір жөнсіз іс-әрекеттерді де ашынып айтады.
«Қазақта тұрмыста болған қызды ұзатпайды, бірақ қазір төрт рет ажырасып келсе де, бесіншісінде той жасап, ұзатады. Тұрмыста болып келген келіншектің бетін ашпайды дейді, бүгінде ол он рет күйеуге тисе де, он біріншісінде бәрібір беташарын өткізеді. Халқымыз қызды ұзатпай тұрып, екі жақтың некесі қиылмай тұрып, екі жақ бір-бірін құдалыққа шақырмай тұрып, бір-бірі «құда» деп атамаған. Қызды беташар өтпей, басына орамал тақпай тұрып, «келін» деп айтпаған. Қазір қыз жақ бірінші болып құдалық шақырады. Қызды ұзататын болса түсте құдалық, кешкісін ұзату той өтеді. Қызды шығарып салған соң ертеңіне ұл жақта той болады. Бұл уақыт жағынан ұтымды шығар бәлкім, бірақ қыз ол үйдің босағасын әлі аттаған жоқ, болашақ жарымен некесі қиылған жоқ, беташары өткен жоқ, қалай бөтен бір кісілерді «құда» деп шақырып, төс қағыстырады? Мен осы нәрсені айтамын деп көпшілікке жақпай қаламын. Осыдан кейін ұзатудың құдалықтарына мені шақырмайтын болды. Мен үн-түнсіз той басқарып, ақшамды алып қайтсам да болар еді. Бірақ асабаның міндеті жақсы костюм-шалбар киіп алып, қымбат тойға шығу емес, қазақты шежіресінен, салт-дәстүрінен ажыратпау. Осыны асабалар түсінсе деймін.
Тағы бір көңіліме қонбайтыны – осы ұзату тойларда ортаға алдымен қызды шығарады. Бұл маған «Мына қызға бай бар ма?» деп тұрғандай көрінеді. Ол қыз әуенмен ырғалып-жырғалып шыққан соң ғана барып жігітті шақырады. Бұл дұрыс емес. Айналайын-ау, бұл қай жақтан келген салт-дәстүр?! Бірінші, қыз іздеп, «Міне, шаңырақтарыңызға келдім, осы әулетке күйеу боламын, қыздарыңызға сүйеу боламын» деп жігіт келуі керек емес пе?! Одан кейін оған сынақ беріп, «бәрекелді, сынақтан өттің» деп, содан соң ғана қызды көрсету керек емес пе?
Күн өткен сайын қазақтың салт-дәстүрі жоғалып бара жатыр. Сонымен қатар, жеті атадан асса үйленуге бола береді деген әңгімемен де келіспеймін. Қаншама ғасырдан бері бұлжымай келе жатқан дүниені жастар осындай сөздермен быт-шытын шығарып жіберіп жатыр.
Бұл айтып отырғандарым тәлпіштік те, еріккендік те емес, болашақтың тақырыбы. Бұлай кете берсек, ертең бала-шағамыз дым білмей мәңгүрт болып өседі. Осының барлығының негізгі түп-тамыры той-жиындардан басталады. Кез келген дүниені дұрыс жағынан жеткізуіміз керек», – дейді ол.
Расында да Берік асабаның сөзінің жаны бар секілді. Барлық нәрсені алдымен той-жиында басымыз қосылатын өзімізден бастаған дұрыс-ау...