ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібеков Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/6 түзету мекемесінде болған жағдайға байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sputniknews.kz ақпараттық агенттігі.
Теңізжан Жәнібековтің айтуынша, 22 тамыз күні Facebook, YouTube әлеуметтік желісінде сотталушы видео үндеу жариялаған болатын.
"Видеода ШҚО Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ОВ-156/6 мекемекесі қызметкерлерінің заңға қайшы әрекетке барғаны айтылған", - дейді ол.
Осы жылдың шілдесінде де сотталушы Қадырмановтан арыз түсіпті.
"Арыз тіркеліп, облыстық полиция департаментіне сотқа дейінгі тергеуге жіберілді. Қазір бұл факті бойынша тергеу жүріп жатыр", - дейді әділет полковнигі.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары сотталушы Қадырманов ОВ-156/6 түзету мекемесінде ас қасығының екі сабын жұтып қойғанын айтты. Ал бес күн өткен соң өз денесіне ине тыққан.
"13 тамыз күні сотталушының денесіндегі заттар ОВ-156/15 мекемесіндегі ауруханада алынды", - деді Жәнібеков.
Қадырманов аса ірі көлемде ұрлық жасағаны және біреудің денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін сотталған. Ол үнемі қылмыстық-атқару жүйесінің тәртібіне бағынбайды. Салдарынан оның түзету мекемесінде болу тәртібі қатаңдады.
Сотталушы өзінің жасаған қылмысын мойындамаған және өкінбеген. Оның видео үндеуі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл факт ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшылығының жеке бақылауында.