Бірді-екілі жемқордың кесірінен тұтас бір саланың жұмысына көлеңке түсіп жатады. Сол себепті, жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек. Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев осындай пікірбілдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Өмірде парадокстар аз емес. Адамның денсаулығын сақтау бойынша үлкен технологияларға Қазақстанның қолы жетіп жатыр, екінші жағынан оқу мекемелеріндегі парақорлық жайлы мәселе көтеріп отырмыз. Жер мен көктей мәселелер, иә?! Жылдар бойы жемқорлықпен күресіп келеміз. Мемлекеттік сатып алуда да, көптеген салада кездескенімен, жемқорлық білім саласында ерекше байқалады. Себебі, бұл салада біздің қоғам жемқорлықпен жиі бетпе-бет келеді. Бір жағынан алып қарасаңыз, жас студенттерге, бозбала мен бойжеткендерге жемқорлық жиіркенішті болуы керек еді. Бірақ, жағымсыз жайлар әлі де кездесіп жатады», - деді Бейбіт Мамраев Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифингте.
Мәжіліс депутатының айтуына қарағанда, қазіргі таңда күн тәртібінде жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу үшін бүкіл қоғам біріге білуі тиіс.
«Менің ойымша, біздің бәріміз осы мәселені қолға алып, шешілу жолын іздеуіміз керек. Оқу мекемелерінің мұғалімдерінің арасында неліктен жемқорлар көбейіп тұр? Олар өз әрекеттерін немен ақтайды? Бір жағынан төменгі айлық деуі мүмкін. Бірақ, кім мамандық таңдауда кедергі келтірді, мамандықты ауыстыруға біреу қарсылық танытып тұр ма? Төменгі айлықты желеу етіп, жемқорлықты ақтау – қылмысқа тең», - деді ол.
Бейбіт Мамраевтың айтуына қарағанда, жемқорлыққа жол берген адамдардың кеселінен бүкіл білім саласына көлеңке түседі.