25.08.2019, 14:30

«Ер Махамбеттің өзү дө – «Брахма»: Тыныштықбек ақынның кейбір артық-ауыс сөздері хақында

фото: zharar.com
Тыныштықбек мырза Махамбет ақынымыздың «Сөйлесем даусым аңқыған!» деген сөзін, біздің ойымызша, «қасиетті мәтінге» (Брахман – бірнеше мағынаға ие ұғым. Абыздар кастасының, брахмандардың өкілі; абыз; қасиетті мәтіндер; құдай; субстанция) балап айтқысы келсе, оған да бейілміз. Бірақ «Махамбет – Брахма еді» дегеннен не ұтамыз?

Біз ақын Тыныштықбек Әбдікәмұлының өз таным лұғаты бойынша жазылып, қалың қазаққа тараған «Қас Сақ Аңқымасының» екінші кітабы қақында өз пікірімізді ортаға салмақпыз. Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Дедканың» авторы Иванов жайында: «Жалпы, Ивановтың арағына шомылсаң да, «Ивановтың суына» шомылсаң да иманды болмайсың» (45-бет), - деп тамаша толғана келе, қазақтың қазіргі танымындағы қалыптасып кеткен сөздерге де терең үңіле отырып, оң шешімдер шығарады. Мәселен, «Ит терісін басына қаптау» («Ій терісін басына қаптау»), «Он бір қара жұмбақ» («Онұ – бір Қара Жұмбақ»), «Кемпірқосақ» («Кембірқосақ») сөздерінің мәнін керемет ашып береді.

Ал бірақ та ақынның «құй» сөзіне байланысты айтқан пікірі тіпті күлкілі енді. Ол турасында ақын былай деген болатын: «Жалпы, «Құй» (құй) деп бұрұнғұлар Күннүң «аталық» нұр төгүнүн дө, жаңбырды да, судұ да айтқан. Онұң теңеумәндік «Құй» («Қай+а») нұсқасы еркектік жыныс мүшөсүнүң атауұна айналған. Орұс бауұрлар онұ «Хуй» түрүндө қолданады. Құй дегеніңіз Күннүң «аталығы» мен «аталық ұрұғұн» айтса, Өс деп бұрұн Жер Ене мен оның құнарын айтқан. Өс (көктеп өн) сөзүнүң «Изида»-дан бастап, «Пизда» нұсқасына дейінгі мүңкүр түрлөрү бар» (179-бет).

Сонымен қатар, «Түгел сөздің – түбі бір» деген сөз бойынша, Тыныштықбек мырза аңқыр, мүңкір, аңқыл деген сөздердің түп-төркінін осылайша өзге тілдердің де ішінен іздейді ғой. Саралайды, салыстырады, ұқсатады. Мәселен, сіздер «Мүңкір-Нәңкір» – діни ұғымда адам өлген соң қабірде сұрақ-жауап алатын екі періштенің аты екенін білесіздер. Яғни, олар адам баласының ақ пен қарасын саралайды.

Ал Әбубәкір Кердерінің: «Білгіш деп, қызыл тілім, сонда айтармын, Сайрасам Мәңкүр-Нүңкір сұраған күні!» - деген өлең жолдарын оқысаңыз, олардың адамнан сұрақ-жауап алатындығын аңғарасыз. Бірақ Тыныштықбек мырза дәл осы өлең жолдарын келтіріп тұрып, соңынан былай дейді: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, Аңқыр мен Мүңкүргө қатысты мұндай жаңсақ түсүнүктөр «Көр Талқысы» деген недұрыс (дұрыс емес) ұғұмнан шыққан» (187-бет), - дейді.

Ақын тағы бірде: «Иман (иман) – «Сләм» (Құлшылық) мүңкімесінің «Бес парызының» бірі» (179-бет), - дейді. Астапыралла! «Астапыралла» демекші, «Иманды» - Ислам мүңкімесі деп отырған ақынымыз өзі де байқамай біз секілді арабша «Астапыралла!» деп қалатын жері бар осы кітабында («Төбе сүйегін ашып берді. Астапыралла!.. көрмеуім керек екен!» (14-бет).

Сондай-ақ, Әбдікәкімұлы ата-бабаларымыздың амандасуы жайында: «Енді, ойланыңыздар, мәңгүрттөнгөн ұрпақтарымыздың сәлемдері «Здраствуй», «Хэллэу», «Чау», «Саламат», «Ассалаумағалейкүм» сыйақты алабажақ болұп келеді. Олар Ата-бабалардан қалған Тәңірлік Сәлем іретіндегі ҚОШ Сөзүн керек те қылмайды» (204-бет), - дейді. Әрине, мұндағы Тыныштықбек мырзаның жазып отырған «Здраствуй» мен «Хэллэуі» бәріміздің амандасып жүрген сөздеріміз емес. Бүгінгі тұрмақ, кешегі бабаларымыз да бұлайша амандасқан жоқ, ол рас. Ал «Ассалаумағалейкүмге» келетін болсақ, Тыныштықбек мырза айтпақшы, бізден де бұрын осы «алабажақ» сөзбен амандасып өткен сол ата-бабаларымыз да Тыныштықбек мырза жазып отырған «мәңгүрттіктерін» бізге аманатқа қалдырып кеткен бе сонда, қалай? Осыны түсіне алмадық. Ақын өзінің аталмыш кітабында атын көп атайтын Ислам ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өзі:

«Біздерге сәлем беру болды – сүннет, Пайғамбар сүннетін тұт, болсаң үмбет», – 

деп, сәлемдесудің маңыздылығын екі-ақ ауыз өлең жолымен жеткізіп кеткен жоқ па еді?!

Енді сол талантты ақынымыз тау тұлғалы ақын әрі батыр Махамбетті қазаққа Брахма деп түсіндіре ме, қалай өзі... Ол жайында:

«АҢҚЫР Мәртебесі АНГИР («Ангирас»; в ведийской и индустской мифологии – посредник между богами и людми; сын Брахмы, вышедший из его уст; муза поэтов; «жрец богов», «господин жертвы» и т.п) болұп та кетеді. Мысалы, адамға қатысты Аңқыр жаратылыстың бір «Хақнамасы» - «Сөйлесем Даусұм аңқыған!». Йағнй, Ер Махамбеттің өзү дө – «Брахма» (183-бет), - дейді. Не деген қисын?!. Махамбет ақын болса да, батыр болса да, абыз болса да, ол үшін ешкім қарсыласып отырған жоқ. Тыныштықбек мырза Махамбет ақынымыздың «Сөйлесем даусым аңқыған!» деген сөзін, біздің ойымызша, «қасиетті мәтінге» (Брахман – бірнеше мағынаға ие ұғым. Абыздар кастасының, брахмандардың өкілі; абыз; қасиетті мәтіндер; құдай; субстанция) балап айтқысы келсе, оған да бейілміз. Бірақ «Махамбет – Брахма еді» дегеннен не ұтамыз? Түсінсек, бұйырмасын.

Әлгінде ғана ассалаумағалейкүм сөзінің жатжұрттық сөз екендігін айтып қоймай отырған ақын енді келіп, Махамбетті Брахма деп «көкке көтереді». Түсініп көр... Бәлкім сіз түсінерсіз?

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ