$ 494.87  520.65  4.91

Сыбыстарды таратып жүргендер босқа хайп жасап жүр - Бақытжан Сағынтаев

Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желі қолданушыларының біразы әкімдіктің бастамаларын әдейі бұрмалап түсіндіретініне шағымданды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала жұртшылығымен кездесуді дәстүрге айналдырды. Бүгін Медеу ауданының тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. 

Мегаполисті дамытудың басты мәселелері жайлы айта келе, әкім шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, халықтың үштен бірі кәсіпкерлікпен айналысады. Әрі ШОБ қаланың жалпы өңірлік өнімінің 40%-ын береді, қала бюджетінің 60%-ын қалыптастырады.

Кәсіпкерлікті қолдау шараларының арасында «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын түрлендіру, «Almaty Invest» Инвестицияларды тарту орталығының құрылуы, қаланың 6 ауданында филиалы бар «Qolday» кәсіпкерлік орталығын айтуға болады. Шағын және орта бизнесті несиелендіруге арналған, қаланың қақ ортасында 7 пайыздық, шетінде 2 пайыздық дифференцияланған мөлшерлеме саясатын ұстанатын «Almaty Finance» компаниясы және «Almaty» шағын несие ұйымы пайда болды. 

«Алматы бизнес-2025» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер оқытылуда. 

Әкім қаржыдан бөлек, кәсіпкерлерге инфрақұрылымдық шешімдері бар логистика бойынша да қолдау көрсетілетінін айтты. Мысалы, Байтұрсынұлы және Қонаев көшелерімен жүретін веложолақтар бағдары да осы мақсатта өзгертілді. 

Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желі қолданушыларының біразы әкімдіктің бастамаларын әдейі бұрмалап түсіндіретініне шағымданды. Соңғы кезде «Тимирязев көшесінен BRT бағдары алынады, Панфилов көшесінің концепциясы қайта қаралады, бұзылған қоршаулар қайта қалпына келтіріледі, қала көшелерінде көлікке арналған жолақтар жойылады» деген сияқты сыбыстар тарады.

«Кей журналистер маған келеді, әлеуметтік желіде жазады. Осының бәрі бос сөз екенін айтқым келеді. Бәрін жаппай жабу, жою, құрту ешкімнің ойында жоқ. Осындай сыбыстарды таратып жүргендер босқа хайп жасап жүр», - деді әкім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары