Елордалық Нұрилә апаның емшіліктен бөлек, көріпкелдік қасиеті де бар. Анасынан дарыған айрықша қасиетті тәуіп бала күнінде байқаған. KAZ.NUR.KZ.тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген ол, өзіне қандай адамдар көмекке жүгінетінін айтып берді.
Айтуынша оның алдына еңкейген кәріден бастап, еңбектеген балаған дейін келеді екен.
"Жарнаманы жаным сүймейді. Өзімнің жылдар бойы емдеп, құмалақ салып келе жатқан таныстарым мен отбасыларым бар. Бұл қызметім үшін ақша да алмаймын. Тек құдайдың берген ерекше қабылеті болған соң, елге пайдам тисе екен деймін.
Алғаш рет бұл қасиетімді бала күнімде байқадым. Анамның көріпкелдік, емшілік қасиеті болатын. Сол кісіден жұққан болу керек.
Құмалақ салып, ауылдың малы мен жылқысы жоғалғанда, қайда екенін тура тауып, айтып беретін. Адамның өлі я тірі екенін де айнытпай болжап беретін. Міне сол қасиет маған да дарып отыр. Біреуден біреу естіп, соңғы жылдары көп адам келіп жүр. Оның ішінде жасы да, кәрісі де бар", - дейді жас алпысты еңсерген апа.
Нұрилә апаның сөзінше былтырғы жылы оған жасы жетпіске тақаған әжей көмекке жүгініпті. Қария қырық жыл отасқан отағасы жас қызға кетіп қалғанын айтып, оны жанұясына қайтармақ болған екен.