28.08.2019, 14:55

Астананың Ақбұлағы: кеше ластанғаны анықталса, бүгін бала өліміне себеп болып отыр

Баланың құлап кеткендігі туралы хабарлама 27 тамызда сағат 18:05 уақытында 112 пультіне келіп түскен.

Нұр-Сұлтандағы Ақбұлақ өзенінен 8-9 жас шамасындағы баланың өлі денесі табылды. Болжам бойынша, ол суға абайсызда құлап кеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Баланың құлап кеткендігі туралы хабарлама 27 тамызда сағат 18:05 уақытында 112 пультіне келіп түскен. Оқиға орнына қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару тобы жеткізілді. Бір техника және құтқару тобынан төрт адам барды», – дейді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері Аягөз Фазылова.

Енді бұл болған жағдайдың себебі сараптамадан кейін ғана анықталады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Пушкин көшесі бойында орналасқан теміржол өткел көпірінің маңайында канализациялық сарқынды сулар осы Ақбұлақ өзенін ластап жатқанын жазған болатынбыз.

Демек, елорда орталығындағы Ақбұлақтың өзі қараусыз қалып отыр. Ол әбден ластанып және адам суға кетсе ғана мән бере бастайтын жергілікті билік өкілдеріне неге өзен мен каналдарды үнемі қадағалауда ұстап отырмасқа? Адам саны жетіспей ме, әлде, жетісіп тұрған жауапты мамандары жағалауда жүруге еріне ме? Не десек те, бұл жағдайлар – қала әкімдігіне сын.