Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Мемлекеттік тіл – ұлттық саясаттың діңгегі болуы тиіс!» – деп атап өткендей, Қазақстан өзінің тәуелсіздік туын тіккелі бері, мемлекеттік тілдің елімізде жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді.
Бұл тұста, «Қазақ Хандығына 550 жылдығына» орай, 2015 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) және Шымкент қаласы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы халқының тілдері күні мерекесі аясында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық байқау өткізілді.
Аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты – Мемлекеттік органдарда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңын, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру, мемлекеттік тіл саясаты мен мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін насихаттау, мамандардың іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесін сараптау, мемлекеттік тілде дайындалатын ісқағаздың сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшілерді моральдық және материалдық тұрғыдан көтермелеу болып табылады.
Мерекелік іс-шараға барлық мемлекеттік мекеменің мемлекеттік қызметшілері, сала ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, маслихат депутаттары, «Нұр Отан» ХДП, «Мемлекеттік қызметшілер кәсіподағы» және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Мемлекеттік қызметшілер байқауда – топтарының атауы, ұраны, атқаратын қызметі, мақсаты мен міндетін атап өтумен қатар, қазақтың салт-дәстүрлерінен сахналық көрініс, дәстүрлі ән орындау, мәнерлеп көркемсөз оқу т.б. өнер түрлерімен сайысқа түсті.
Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер сөз саптау, сөз мәдениетінің жарасымды үлгілерін көрсету мақсатында көпшілік алдында Ресми сөз сөйлеу этикасы бойынша жарысқа түсті. Бұл тұрғыдан, Елбасы Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарын кеңінен жұртшылыққа түсіндіру үшін топ капитандары Ресми сөз сөйлеу арқылы толғамды ойлары мен түйінді пікірлерін ортаға жеткізді.
Сондай-ақ, қатысушыларға орыс тіліндегі терминдер мен ресми сөз тіркестері жазылған парақшалар ұсынылып, көрсетілген терминдердің қазақша баламаларын табудан тапсырмалар берілді.
Іс-шара соңында үздік танылған жеңімпаздар мен белсене қатысқан топтар бағалы сыйлықтармен, диплом және алғыс хаттармен марапатталып, естелікке сүретке түсірілді.
Айта кету керек, қазіргі таңда облысымызда мемлекеттік қызметшілердің саны 8284 бірлікті құрайды. Оның ішінде, саяси мемлекеттік қызметшілер саны – 7, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері – 25.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Республикамызда мемлекеттік қызметшілер саны – 98 мыңға жуық, яғни халық санын бір мемлекеттік қызметшіге шаққанда 171 адамға келеді екен. Ал, тиісінше Оңтүстік Қазақстан облысында халық санының көптігіне байланысты, бір мемлекеттік қызметші 320 адамға қызмет жасайды екен.