Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлі күнге Назарбаевты президент санайтындай. Қаладағы мекемелердің бірінің алдында бүгінге дейін тұрған «ҚР президенті Н.Ә. Назарбаев» деген жазуы бар билборд фотосы желіге тарап, жұрт сынының астында қалды. Талқыға түскен билбордтың суретін Оңғар Саймосаев есімді қолданушы желіге салған.
«Мына билборд военкомат жақта неғып тұр? Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ емес пе? Ішкі Саясат басқармасы неге осындайларды қадағаламайсыздар? Әлде, салқын кабинеттен шыққыларыңыз жоқ па? Жалпы, Қызылорда облысы бойынша идеология саласына жауапты адам бар ма?», - деп жазған Оңғар Саймосаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Ал билборд Қызылорда облысының қорғаныс департаменті ғимаратының алдына ілінген. «Жас Алаш» редакциясы осыған байланысты қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан КАЮПОВҚА хабарласып көрген еді. «Біз көшеде тұрса жауап береміз. Ол ішінде тұр ғой (ғимараттың)» - деп жауап берді әкімдік өкілі.
2019 жылдың 9-маусымдағы сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев президент болса да, әлі күнге ҚР президенті Назарбаев деп көлемді әріптермен жазылған билборд нақ көше бетке қарата орналасқан. Соған қарағанда, ішкі саясат бөліміндегілер бұл жайлы білмей келген болуы керек. Дегенмен сайлаудан бері екі айдан аса уақыт өтсе де ауыстырылмаған билборд бүгін ғана алынып тасталды.
Абай Нұржанұлы