$ 494.87  520.65  4.91

Семей полигонын жапқан Олжас Сүлейменов емес - жазушы

Медеу Сәрсекенің өзі куә болған жайды облыс әкімі Даниал Ахметовке қарап, ректордың баяндамасын бақылауға алуды тапсыруы бекер емес.

Семей ядролық полигон сынағы жайында «Семей қасіреті» атты көлемді де деректі кітаптың авторы, белгілі жазушы Медеу Сәрсеке ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің қалалық әкімдікте өткізген жиыны аяқтала бере ашуын ірке алмай, мінберге жетіп барды. Есікке жақындап шығуға ыңғайланған ірлі-ұсақты шенеуніктер де демін ішіне тартып тұрып қалды. Жазушы Семей медициналық университетінің 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне орай өткізген жиынына қатысып күйініп келген беті екен. 

"Мен бүгін таңертең (оқиға кеше 28 тамызда болған-авт) Семей медициналық университетінің ядролық сынақтың тоқтатылғанына арналған жиынына қатыстым. Университет ректоры Жүнісовтің баяндамасын экраннан оқып отырып, қатты ашуландым. Ректор баяндамасында осы Семей полигонының жабылуын талап етіп, ең бірінші болып Мәскеуге хат жазған Кешірім Бозтаевтың атын мүлдем атаған жоқ. Есесіне ол баяндамасында ядролық сынақты тоқтату үшін күрескен адам ретінде Олжас Сүлеймменовті көрсетіпті. Шын мәнінде Кешірім Бозтаев 20 ақпанда өзі бірінші болып, 11 адамның қолын қойдырып, Горбачевке жеделхат жіберген болатын. Өкінішке қарай, Бозтаев дүниеден өткен соң, Олжас Сүлейменов («Невада-Семей антиядролық қозғалысының президенті –авт) Семей полигонын жапқан өзі болып шыға келді. Даниал Кенжетайұлы, мен сізден осы баяндамада айтылған жайларды толықтай тексеруді сұраймын",-деп күйінген жазушы М. Сәрсеке барлық шындық өзінің «Семей қасіретінде» баяндалғанын да атап өтті.

Медеу Сәрсекенің өзі куә болған жайды облыс әкімі Даниал Ахметовке қарап, ректордың баяндамасын бақылауға алуды тапсыруы бекер емес. Д. Ахметов осыдан бірер жыл бұрын ғана өзі бастамашы болып жазушының «Семей қасіреті» кітабын үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) шығартып берген болатын. Қарт жазушының жанайқайын түсінуге тырысқан Даниал Ахметов осы мәселені назарға алуды «Нұр отанның» ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановқа жүктеп құтылды.

Айтпақшы, Әнуарбек Мұхтарханов дәл осы жылдың басында Семей медицина университетіндегі «тышқанды» (компьютер мышкасы) алып кеткен екі студент оқудан шығып қала жаздағанда да Өскеменнен ат сабылтып жетіп ректор Жүнісовтен араша сұрап, студенттерді алып қалған болатын. Енді ректор баяндамасын тексеруді қолға алса, соңы не боларын кім білсін?..

Дереккөз: Жас Алаш

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары