$ 498.34  519.72  4.85

Украина, Польша және АҚШ энергетикалық қауіпсіздік саласында әріптестік орнату бойынша келісім жасасты

Наимский Польшаның 2021 жылдан бастап Украинаға алты миллиард текше метр көлемінде газ жеткізе бастайтынын айтқан.

Украина, Польша және АҚШ энергетикалық қауіпсіздік саласында әріптестік орнату бойынша келісім жасасты. 31 тамызда Варшавада құжатқа Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Данилюк, Польша үкіметінің энергетикалық инфрақұрылымы бойынша өкілі Петр Наимский, АҚШ-тың энергетика министрі Рик Перри қол қойды, деп жазады Азаттық. 

Наимский Польшаның 2021 жылдан бастап Украинаға алты миллиард текше метр көлемінде газ жеткізе бастайтынын айтқан. Украина ақпарат құралдарының жазуынша, бұған Свиноуйсьцедегі сұйылтылған газ терминалының кеңеюі мен Польша мен Норвегияны жалғайтын Baltic Pipe газ құбырының салынуы мүмкіндік береді. Петр Наимскийдің айтуынша, әзірге Польша Украинаға жыл сайын бір жарым миллиард текшеметр көлемінде газ тасымалдай алады.

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Данилюктің айтуынша, Ресей газына тәуелді болудың экономикалық қана емес, саяси салдары да бар. Сондықтан Украина өзге елдерден, әсіресе АҚШ-тан сұйылтылған газ импорттауға күш салмақ.

АҚШ-тың энергетика министрі Рик Перри АҚШ Польшаға Ресей газынан тәуелділікті азайтуға көмектеседі деп айтқан.

Украина - газды ең көп пайдаланатын мемлекеттердің бірі (әлем бойынша - 13-орын, Еуропа бойынша 5-орынды алады). Елдегі газ ресурсының 40 пайызы ауыр өнеркәсіпке жұмсалады. Газдың үштен бір бөлігі - тұрғын үй секторына, бестен бір бөлігі мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық шаруашылықтарды жылумен қамтамасыз етуге жұмсалады.

1991 жыл мен 2012 жыл аралығында елде газды тұтыну көлемі 118 миллиард текшеметрден 55 миллиард текшеметрге дейін азайған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#газ #Украина