Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қаладағы жылу электр орталығының және ТМ-15 жылу беру маусымына дайындығын тексерді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
ЖЭО-1-де котлоагрегат пен турбогенератор ауыстырылған. Түтін құбырларын қайта жаңарту, негізгі және қосалқы жабдықтарды монтаждау жүргізілген. Сонымен қатар №4 станция қазандығын қайта жаңарту және турбинаны ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.
Ал ЖЭО-2-де бас корпус пен су жылыту қазандығы кеңейтілген. Сондай-ақ №4, 5 түтін құбырларының құрылысы мен негізгі және қосалқы жабдықтардың монтажы орындалған. Аудандық қазандықтардың дайындығы 100 % құрайды. Бұл – 6 елді мекендегі 7 қазандық. Ал әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындығы 95% құрайды.
Қала басшысы жылу беру маусымының басында электр орталықтары қаланы жылумен қамтамасыз етуге дайын болуы қажет екенін және үздіксіз қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
Қала үшін қажетті отын қоры (көмір, мазут) дайындалған. Жылыту маусымының басталуы 5 күнтізбелік күн ішінде +10 °С (және одан төмен) орташа тәуліктік температура сақталған кезде басталады.