ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан мұнайшыларын кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барша мұнай-газ саласы ардагерлерін, жұмысшыларын Қазақстан мұнайының 120-жылдығымен және кәсіби мерекелерімен құттықтаймын!» - деп жазды министр Twitter-де.
Сондай-ақ сала қызметкерлерін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев құттықтады. Компаниядан мәлім еткендей, Маңғыстау облысының Жаңаөзен және Ақтау қалаларында мерекеге орай салтанатты шаралар өтті.
«Тәуелсіздік алғалы бері мұнай-газ саласы жаңа кезеңге қадам басып, өндіріс өрге өрледі. Саланы аяққа тұрғызып, ілгері дамытуда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың орны бөлек. Елбасының қажырлы еңбегі мен саяси жігерінің арқасында еңсемізді тік көтеріп, талай биіктерді бағындырдық. Былтыр Қазақстанда 90 миллион тонна мұнай өндірілді. Жиырма сегіз жылда «қара алтынды» өндіру көлемі 3 еседен астамға ұлғайды. Бүгінгі таңда еліміз мұнай мен газ өндірісі бойынша дүниежүзінде 13-ші орында тұр. Ең бастысы – мұнайшылардың әл-ауқаты жақсарды. Өткен жылдар мен бүгінгі күннің әлеуметтік-еңбек жағдайын мүлдем салыстыруға болмайды», - деді Алик Айдарбаев.
Айта кетейік, мұнай-газ кешені қызметкерлері күні жыл сайын қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Кәсіби мереке 2003 жылы бекітілген болатын. Биыл қазақстандық мұнайшылар үшін ерекше жыл. Мұнай-газ саласы 120 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Еске салайық, 1899 жылы Атырау облысындағы Қарашүңгіл кен орнында алғашқы мұнай бұрқағы атқылаған болатын. Отандық мұнай-газ саласының тарихы сол сәттен бастау алады.