$ 449.58  486.94  4.86

«Бала менен бе, әлде өзгеден бе?»: сүрбойдақ жігіт қазіргі қазақ қыздарына наразылығын білдірді

Жастау әйелдің бар ойы қалаға көшу болған сыңайлы. Шалын күндіз-түні шыр айналдырса да, Айдархан ауылдан кетпейтінін нықтап айтады. Осыны сезген кербез келіншек отағасына банктегі біраз қаражатын, несиеге алдырып, ақыры тайып тұрады.

Ұзын бойлы, денелі, сымбатты келген жігіт көлік тосып тұр екен. Тоқтадым. Мінезі ашық, әңгімешіл, әдемі әзіл де айта біледі. Артқы орындыққа отырысымен сөз бастады.

– Аға, өмір деген қызық. Бір қызбен танысуға келіп едім, қашып құтылдым. Темекі тартады, бір бөтелке сыра алдырып ішті. Менің ойым – жақсы қызбен танысып, жар ету. Ал мынадай қыздан құдай сақтасын! – деді салған жерден.

Оның айтуынша, көп жігіттердің үйленбей жүргені айналасындағы қыздардың жат әдетін байқап қалатындықтан екен. Осы жағдайды тілге тиек еткен Айбек (есімі өзгертілген):

«Қазір кез келген қыз-келіншекке сенбеймін. Қазіргі қаракөздер қалтаңдағы қаражатыңа, қызметіңе қарап қадам жасайды. Олар дайын үйге барғысы келеді. Өздері келін болуға дайын ба? Бұл жағын ойлай бермейді. Арулардың бәріне күйе жағуға болмайды. Тексіз тентектер еркектердің арасында да жетерлік қой. Бірақ қазіргі қазақ қыздары тым есіріп кеткен секілді.Аңқау басым-ай, соларға көп алдандым», – деп, өмірінде алданған сәттеріне өкінетіндігін айтты.

Расында алданудан асқан азап жоқ. Ол отбасы болып бастарынан өткерген бір оқиғаны да баяндады. Бұдан біраз жыл бұрын анасы дүниеден өтеді. Үш баламен жалғыз қалған әкесінің алпысқа дейінгі өмірі екі ұл, бір қызды тәрбиелеумен өткен. Сөйтіп жүріп, «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», әрқайсысын бір-бір үй етсем» деген асыл арманына жетеді. Бірақ дүние құм секілді емес пе, сусып уысыңда тұрмайды. Ер жеткен ұлы да, бойжеткен қызы да теңін тауып, тұрмыс қамымен қалаға кетеді. Ал алпыстан асқан азамат үшін ауылдан артық мекен болмасы анық. Туған жер, қасиетті қара шаңырақ кіндігін байлап қойған. Күндердің-күнінде «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деген тәмсілге тоқтаған ұл-қызы әкелеріне жар тауып беруге келіседі.

Алғашында «Керегі жоқ, қартайдым» деп қашқақтаған отағасы бірнеше айдан соң, «тізе жылытар керек екен» деп үлкен ұлымен ой бөліседі. Тіпті танысқан адамы да бар көрінеді. Сөйтіп, бұрын тұрмыста болған, бір баласы бар Балжанды (есімі өзгертіліп алынды) үйге кіргізеді. Алайда жастау әйелдің бар ойы қалаға көшу болған сыңайлы. Шалын күндіз-түні шыр айналдырса да, Айдархан ауылдан кетпейтінін нықтап айтады. Осыны сезген кербез келіншек отағасына банктегі біраз қаражатын, несиеге алдырып, ақыры тайып тұрады.

Онымен қоймай «сенен аяғым ауыр» деп ақша талап етеді. әкелерінің бала сүйетіндігін естіген ұлдары мен қызы қуанып, оларға қаладан үй алып беруге де келіседі. Бірақ азаматтың ақылын айран қылған бір ғана нәрсе еді. «Бала менен бе, әлде өзгеден бе?» деген сауал мазалайды. Ақыры марқұм бәйбішесінің орнын баса алмаған әйелден бас тартады. Қазір бақытын басқа жақтан тапқан Балжан Айдарханнан (есімі өзгертіліп алынды) алимент алып тұрады екен. Жасы жетпіске жақындағанда ағайын арасында әңгімеге қалған азамат қалған ғұмырында алименттен мүлде құтыла алмай өтері анық. Әдепсіз әйелдің бүлігі өнегелі өмір сүрген бір кісінің тағдырын талқан етті. Осыдан кейін қыз-келіншектердің бойынан амалсыз адалдықты, имандылықты іздейсің.

Осы төңіректе ой қозғаған бейтаныс жігіт: – Аға, Боралдай жақтан үй салып жатырмын. Бұйырса, келесі жылы өз үйімде отырамын. Әкемді көшіріп әкелемін. Үйде сүрбойдақ жүрген мен ғана. Туыстардан, достарымнан да ұят болды. Бәрі бойдақтығымды бетіме басады. Бірақ қыз табу қиын болып тұр, – деген ол қыздарды тәртіпке шақыратын бір шара ұйымдастыру керектігін айтты. Қызық, сонда не істеу керек?

Бұл сұрақ бәрімізді ойландыратын жағдайға жеткенін шын мәнінде сезбей қалған секілдіміз. Осы оқиға өзгелерге ой салар деген ниетпен жазып отырғанда аруларға қатысты тағы бір шу шықты. Жамбыл облысының полиция департаменті бірнеше рет сотты болған Айгүл Ниязоваға іздеу салыпты. Сонда ол не бүлдіріпті дейсіз бе? Айтайық.

Ол егде жастағы жалғызілікті ер адамдардың сеніміне кіріп, жалған некеге отыруды әдетке айналдырған. Мықтап орнығып алған соң «туыстарын жұмысқа орналастырамын» немесе «мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй аламыз» деген желеумен ақша сұрауға әдеттенген. Алаяқ әйелді полиция тапқанша, оның тағы қанша адаммен некеге тұрып, қаражатын қымқырып кеткенін бір Алла біледі. 

Жолдасбек Дуанабай

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары