$ 494.87  520.65  4.91

«Бізге ақша бөлетін депутаттар екен»: Шымкентте мүгедек балалар балабақшадан қағылды (ВИДЕО)

Күніге таңнан кешке дейін арнайы оңалту орталығында болуы тиіс балалар енді ата-анасымен әкімдік ғимаратының кіре-берісінде омалып отыруға мәжбүр.

Шымкентте мүмкіндігі шектеулі оннан астам бүлдіршін балабақшадан қағылды, деп хабарлады КТК арнасы. 

Сал ауруына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығының тамағы нашарлап көңіл көншітпейтін болған соң, 15 ұл-қызды ата-анасы шілденің басында өзге балабақшаға орналастырмақ болады. Шымкент басшылығы бұл мәселенің шешімі оңай екенін айтып, бір аптадан қалдырмай орналастырамыз деп уәде берген. Екі айдан асса да, шенеуніктер шешпек түгілі, олармен кездескісі де жоқ. 

Күніге таңнан кешке дейін арнайы оңалту орталығында болуы тиіс балалар енді ата-анасымен әкімдік ғимаратының кіре-берісінде омалып отыруға мәжбүр. Шілденің басында 15 ата-ана бұрынғы жекеменшік орталықтың сапасына наразылық танытып мемлекеттік оңалту мекемесіне орналастыруды өтініп келеді. Ол кезде мәселе «қиын емес» деген қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова құжатты ауыстыруға бір апта уақыт сұрап, ата-аналарды қайтарады. Содан бері екі айдан асып, ата-аналар атқамінерлерден уәденің орындалуын күтіп жүр. 

"Тағы бір ай күтесіңдер дейді. Үш ай күттік, енді тағы бір ай күту керек екен. Депутаттар шеше алмай жатыр екен. Білмеймін,бізге ақша бөлетін депутаттар екен", - мүгедек баланың анасы Айсұлу Қалкенова.

Осы уақытқа дейін жекеменшік «Болашақ» орталығына барып жүрген, енді ата-аналар мемлекеттік оңалту мекемесіне барғысы келеді. Екі айдан бері өтініп жүрген орталықтағы әр топта 6 ғана баладан, логопеді мен массаж жасаушысына дейін бар, бұл орталық ақша бөлінбесе, «жолатпаймыз» деп отыр. 

"Қай уақытта қаражат бөлінеді, сол күннен бастап бала қабылдаймыз. Болды. Әзірге бізде барлық нәрсе жоспарда бар", - деді «Шымкент қаласы халыққа қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» КММ директорының орынбасары Перизат Қосалиева.

Орынбасарларынан «алданып жүрміз» деген бір топ әйел әкімнің «өзі шықсын» деп талап еткен. Тек, басшы түгілі орынбасарларының бәрі шетте жүр екен. Олардың орнына келген жұмыспен қамту бөлімінің өкілі: «мәселені шешіп жатырмыз» дейді. 

"Бұл кісілер талап етіп жатқан мекемеде қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр – біріншіден. Ол жерге 30 балаға жатын орын дайындалып жатыр, қосымша ол жерге қызметкерлер тағы да алуымыз керек болады. Олардың мәселесі қарастырылып жатыр. Одан кейін ақшалай мәселені қазір бізде қыркүйек айында бюджетті нақтылайды. Сол жерде, біз сол кезде керек құжатты сұратқызып жатырмыз", - деді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев.

«Жұмыс істеп жатырмыз» деген басшылық неліктен осы уақытқа дейін мәселенің созбалаңға салынғанын да, қашан нақты нәтиже шығаратынын да айта алмайды. Ал онсыз да сал ауруына шалдыққан мүгедек ұл-қызына алаңдаулы ата-ана мәселені шешіп бермейінше, әкімдікке күніге келеміз деп бекініп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары