Алматыда медбикелер таяқ жеді! Оларды соққыға жыққан – науқастың туыстары, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Жансақтау бөліміне баса-көктеп кірген жеті адам алдынан шыққан медицина қызметкерлерін балдақпен ұрып жіберіпті. Балағат сөз айтып қол жұмсағандарды сабасына түсіру үшін тәртіп сақшыларын шақыртуға тура келген. Жалпы, бұл аурухана қызметкерлерінің науқасқа келген кісілерден таяқ жеуі бірінші рет емес.
Журналистерге мұңын шаққан ақ халаттылар тіпті көз жасына ерік берді.
Жансақтау бөлімінің алдындағы жанжалдың видеосы. Айқайға басқан сырқаттың туыстары шұғыл жеткізілген басқа науқастардың жағдайына қарап тұрған жоқ. Жолды бөгеп, ішке кіргізуді талап еткен. Аурухана талабын алға тартқан медбике бірінші болып таяқ жепті. Ызалы топ Гүлжан Ибрагимованың кеудесін темір балдақпен ұрып жіберген. Жерге құлап қалған келіншектің үстінен таптап палатаға кіреді.
Гүлжан Ибрагимова, медбике:
- Кешегі оқиғадан кейін өтініш жазып кетіп қалғым келді. Бізді, ақ халат киген қызметкерлерді адам құрлы көрмейтін болды. Күнненкүнге өршіп барады. Кейде өзім түрменің есігінде тұрмын ба деп ойлап қалам. Адамдар неге соншалықты жаман боп бара жатыр? Гүлжанның кеудесінде соққыдан көгерген іздер қалған. Бірақ жасы 50-ден асқан әйелдің жанына батқаны балдақтың салған ізі емес, науқастың туыстары айтқан сөздері.
Гүлжан Ибрагимова, медбике:
- Көп адам дәрігерді шақыратын кезде шыдай алмай кетеді. Әр түрлі сөз айтады. Кешегі сөзі жаныма қатты батты. «Сендер малсыңдар, осы таяқпен ұрып өлтіру керек», дейді. Ұрғаны сол шығар енді. Жалғыз мен емес, осы постта 4 кісі істейміз. Олар да қанша сөз естіді.
Жансақтау бөліміне баса-көктеп кіргендер тағы бір медбикені соққыға жыққан. Ол қызметкердің де жасы елуден асқан. Қолынан жарақат алған әйел үйінде емделіп жатыр. Ал «палатаға кіреміз» деп қырғын салғандарды полицейлер әрең дегенде сыртқа шығарыпты.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
- Полицияға жеткізіліп, екі тараптан да толық сұрақжауап алу процедуралары жүргізілді. Енді істің қалай өрбитіні тек сот-медициналық сараптама нәтижесіне тәуелді болады.
Жалпы, Алматыда медицина қызметкерлерінің соққыға жығылуы бірінші рет емес. Бұған дейін бір сырқаттың туысы қызғаныштан жедел-жәрдем дәрігерін кірпішпен ұрып, басын жарған еді. Комаға түскен дәрігер әрең дегенде есін жиған болатын.