$ 489.06  536.21  5.05

Жатақханаға мұқтаж оқу орындарына жеңілдікпен несие беріледі (ВИДЕО)

Мекеменің мәліметінше, жобаны қолға алған инвесторға қойылатын жалғыз ғана талап бар. Нысан тұрғызылғаннан кейін 20 жыл бойы студенттік үй есебінде тұру міндетті.

Жоғарғы оқу орындары 6 пайыздық жеңілдікпен жатақхана сала алады. Мұндай мүмкіндікті "Қаржы орталығы" мен "Даму" қоры ұсынып отыр. Осының нәтижесінде 5 мың жатақхана құрылысы биыл аяқталмақ, деп хабарлады АстанаТВ. 

Жаңа мүмкіндіктің шапағатын көрген оқу орындарының бірі - Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті. Биыл 350 орындық жатақхананы пайдалануға беріпті. Жаңа ғимаратқа филология факультетінің қыздары топтастырылған. Мұнда барлығы заманға сай жабдықталыпты.     

"Жатақхана толық қамтылған. Оқу залында 33 000 кітап данасы бар. Вайфай, интернет системасы қосылған. Демалыс бөлмесі, медпунк, спортзал, дәмхана бар. Оқу залы бар", - деді ОҚМПУ басқарма басшысы Еркін Махашов.

Жатақхана мәселесін шешу бүгінде өзекті. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында студенттер үйі жетіспейді. Осыны ескерген Үкімет енді жатақхана құрылысын несие арқылы қаржыландыруда.   

"Жатақханаға мұқтаж жекеменшік оқу орындарына 6% жеңілдікпен несие беріледі. Яғни 8 жылға банк 15% қарастырса, оның 9%-ы мемлекет субсидиялайды. Конкурсқа шағын, орта және ірі кәсіп иелері де қатыса алады", - деді Нұр-Сұлтан қаласы "Даму" қорының аймақтық филиалы директорының орынбасары Гүлнар Әлмұханова. 

Мемлекет есебінен бөлінетін субсидияны Қаржы орталығы қадағалайды. Мекеменің мәліметінше, жобаны қолға алған инвесторға қойылатын жалғыз ғана талап бар. Нысан тұрғызылғаннан кейін 20 жыл бойы студенттік үй есебінде тұру міндетті.     

"Жобаға Үндістан, Сингапур елдерінің инвесторлары қызығып отыр. Әрине, біз бірінші кезекте өзіміздің кәсіпкерлерді қолдаймыз. Кейін барып шетелдік инвесторларға ұсынамыз. Қазынадан бұған жеке қаржы да қарастырылған. Оны жойылып кетеді немесе қысқарып кетеді деп қауіптенбесе болады", - деді "Қаржы орталығы" АҚ президенті Асқар Ибраимов. 

Былтыр ел аумағында мемлекеттік тапсырыс бойынша 3000 студентке арналып жатақхана салынған. Ал биыл оның санын 5000-ге көбейту жоспарланып отыр. Бүгінде Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларындағы студенттер үйінің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Маңғыстау, Жамбыл облыстарындағы жатақханалар пайдалануға берілмек. Жалпы алғанда, 2022 жылға дейін кемінде 75 000 студент жатын орынмен қамтылатын болады.   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары