Түркістан облысында болған жол апатынан 3 өзбекстандық көз жұмып, тағы біреуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Облыстық ПДб қызметінің мәліметінше, жолда кетіп бара жатқан Нексия автокөлігінің жүргізушісі ұйықтап кеткен.
Салдарынан Өзбекстанның төрт азаматы мінген көлік жол жиегіне аударылған. Екі әйел оқиға орнында көз жұмса, тағы бір жолаушы Ордабасы аудандық ауруханасында қайтыс болды. Ал, көлік жүргізушісі аталған ауруханада ем қабылдауда.
«Апатқа ұшыраған көлік Өзбекстанға тиесілі. Қазіргі таңда осы жол көлік оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», - деді полициядан.