Қарағандыда 3 жасар сәбиді өлтірген қасқүнем қамауға алынды. Тәртіп сақшылары өткен түнде оны теміржол вокзалында қолға түсірді, деп хабарлайды «Хабар24».
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 23 жастағы ер адам баланың анасымен бұрыннан таныс. Тіпті оқиғадан бірнеше күн бұрын көрші ауылда бірге болыпты. Ал 5 қыркүйекте келіншек баласын ертіп, ауылдағы дүкенге барған. Осы жерде қаскүнем үш жасар Максимді анасының қолынан тартып әкетеді.
Вера Гервег, Максимнің әжесі:
- Ауыл болып іздемеген жеріміз жоқ. Соңына дейін бала тірі деп үміттендік. Бірақ олай болмады. Бес жыл бұрын әпкемді өлтірген қылмыскердің 4,5 жыл ғана отырып, босап шыққанына қайранбыз. Біз оған қаншама рет қоңырау шалып, ақылға шақырғымыз келді. Бірақ телефоны сөндірулі болды.
Баланы іздестіру жұмыстарына тәртіп сақшылары, сарбаздар, кинологтар, еріктілер, барлығы 600 адам жұмылдырылған. Тек екі тәуліктен соң Бұрма ауылы маңындағы тоғай арасынан сәбидің өлі денесін табады.
Әлішер Бекбосынов, полиция инспекторы:
- Біз екі тәулік бойы баланы іздестірдік. Барлық жерден қарап шықтық. Ауа райы да қолайсыз еді. Бұрма ауылы маңындағы тоғайды тексеру кезінде әріптесім екеуміз баланың мәйітін тауып алдық. Сол жерде жедел тергеу тобына, басшыларға хабар бердік.
Бұдан соң қылмыстық іс қозғалып, полиция күдікті Игентай Сопыжановқа дереу іздеу жариялайды. Тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында қаскүнем ізін суытып үлгірмеді.
Ерлан Файзуллин, облыстық полиция департаментінің басшысы:
- Жедел-іздестіру шаралары кезінде, шамамен түнгі 1-лер шамасында күдікті Қарағанды вокзалында қолға түсті. Ол үш жасар баланы ұрлап әкеткенін және өлтіргенін мойындап отыр.
Айта кету керек, бұл Игентай Сопыжановтың алғашқы қылмысы емес. Бұған дейін ол жәбір көруші тараптың туысын өлтіріп, 9 жылға сотталған болатын. Жазасын Қостанайдағы түзеу мекемесінде өтеген.
Ғазиз Тәкешев, қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары:
- Түзеу мекемесінің әкімшілігі Игентай Сопыжановтың тәртібі туралы теріс мінездеме берген. Себебі ол жазасын өтеу кезінде 5 мәрте ескерту алыпты. Сондықтан оны босатуға еш негіз жоқ екенін айтқан.
Алайда соған қарамастан сот қаулысымен оның жазасын өтеу мерзімі 6 жыл 8 айға дейін қысқарып, кейін шартты түрде бостандыққа шыққан. Ауыр қылмыспен отырған қаскөйге не үшін мұндай рақымшылық жасалғаны әзір белгісіз. Оның ақ-қарасын тергеу анықтайды.