Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Исаевтар отбасы 9 баланы патронаттық тәрбиеге алды. Балалар түрлі ұлт өкілдерінен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ботагөз Бакеева өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 9 тәрбиеленушісінің көңіліне қуаныш сыйлап, бауырына басты. Алтын жүректі ана өзінің 4 баласынан бөлек ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қанатының астына алды. Екінің бірі бара қоймайтын бұл қадамын ол ерлік деп бағаламайды. Жай ғана адамдық парыз, мейірім деп біледі.
«Әр бала отбасында тәрбиелену керек қой. Ол отбасының жылуын көреді. Ата-ананың, апа мен атаның қарым-қатынасы арқылы мейірімге бөленеді. Отбасында балалар үйінде берілмейтін құндылықтар бар. Мысалы, кез келген жағдайда үйге көмектесу, бір-бірімен дұрыс қарым-қатынаста болу, көмек беру, бауырмал болу деген сияқты. Көп құндылықтарды отбасында үйренеді деп ойлаймын. Мейірімге қанып өскен бала болашақта жақсы адам болып бой түзейді»,- дейді Ботагөз Бакеева.
Исаевтар отбасы қамқорлығына алған балалар әке мейірімі мен ананың ыстық алақанына зәру екендігі анық. Олар басқа ұлт өкілдері болса да өздеріне қолдау көрсетіп, қамқорлығына алған жандарға алғыстары шексіз.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жамбыл облысында бір ғана өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы бар. Орталықта 68 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 50 балдырған ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Өткен жылдан бері 34 бала патронаттық тәрбиеге алынса, 1 бүлдіршінді асырап алынған. Ал 13 бала өз отбасыларына қайтарылыпты.