$ 445.66  474.58  4.78

Қарағанды облысының ең үздік отбасы анықталды

Оған облыстың ең лайықты, үлгілі деген отбасылары қатысты.

Қарағанды облычында «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының аймақтық кезеңінің жеңімпазы анықталды. Оған облыстың ең лайықты, үлгілі деген отбасылары қатысты.

Биылғы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының финалына 15 жанұя шықты. Олардың арасында металлургтер, дәрігерлер, мұғалімдер, спортшылар, кәсіпкерлер мен 10-нан аса этнос әулеті бар. Жеңімпаздарды таңдау оңайға соқпады, себебі барлық қатысушылар жүлделі орынға лайықты болды.

Ассамблеяның мәліметінше, жүйрік шыққан отбасыларын марапаттау рәсімі Достық үйінде өтті. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров жеңімпаздарды құттықтап, айтулы шараға қатысқандары үшін алғысын білдірді.

«Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі және адами құндылықтардың сақтаушысы. Бүгінде мемлекет тарапынан отбасылық демографиялық саясатқа ерекше көңіл бөлініп отыр. Бақытты отбасы – бұл кез келген қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатының негізі болып табылады. Байқауға қатысқан барлық отбасылар біз үшін, ең алдымен, енді ғана теңін тауып, отбасын құрып, түтін түтетуге ниет еткен жастар үшін үлгі болары анық. Әрбір отбасында туған-туысқа деген ізгі ниеттері нығайып, халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтары – төзімділік, еңбекқорлық, туған жерге деген сүйіспеншілік, үлкенге деген құрметі, қонақжайлылық сияқты қасиеттері ұрпақтан-ұрпаққа жете беруіне тілектестігімді білдіремін», - деп атап өтті.

Ең тату және үздік отбасы деп 7 бала тәрбиелеп отырған қарағандылық Хамитовтер әулеті танылды. Отағасы – кәсіпкер, ал жұбайы – «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері, балабақша желісінің негізін қалаушы, мектепке дейінгі білім берудегі алғашқы қазақстандық франшизаның, «Дарынды бала» және «Дарынды Ана» коворкинг-орталығының авторы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі Айнагүл Хамитова.

 

Ендігі кезекте Хамитовтар отбасы қыркүйекте Елордада өтетін республикалық байқауға қатысып, бақтарын сынайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары