Бірер күн бұрын желіде 15 жастағы ақтаулық жасөспірімдердің тойының видеосы тарап, қызу талқыға түскен еді. Бүгінде жас жұбайлардың некесі ресми тіркелмегені анықталды.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Лада» порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қалалық АХАЖ бен облыстық мешіттегілердің сөзінше, оларда жасөспірімдердің некесі ресми түрде тіркелмеген. Жастар оларға жүгінбеген екен.
Атап өтілгендей, елімізде ресми некеге тұруға 18 жастан бастап рұқсат беріледі.
Мамандар кәмелет жасқа толмағандар жүкті немесе босанған жағдайда ғана рұқсат берілетінін айтты. Бұл орайда, заң бойынша, 16 жаста ғана некелесуге болады. Одан ерте некелесуге рұқсат берілмеген.
Ал мешіттегілер некеге тұрғысы келетін жастардан жеке куәлігі талап етілетінін айтады. Аталған құжат тек 16 жастан бастап беріледі. Сонымен қатар мешіттегілер АХАЖ-да берілген неке туралы куәлікті сұрайды. Неке қию рәсімі кезінде жас жұбайлардың ата-анасы мен туыстары болуы тиіс.
«Некені 15 жастан тіркеу мүмкін емес. Бұл заңсыз болып табылады. Сондықтан аталған жұп бізге келген жоқ», - дейді мешіттің бас имамы Сейітбек Сымайыл.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтауда 15 жастағы жасөспірімдердің тойының видеосы тараған еді.