Енді Smart Astana мобильді қосымшасы арқалы қайырымдылық жобаларына қаржылай көмек көрсетуге болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Жаңа жоба қайырымдылық мақсатында аударылған ақшалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«Жақында қайырымдылық қорларын қолдау мақсатында Smart Astana қосымшасы арқылы краудфандинг алаңын аштық. Бұрын «Қайырымдылық қорына көмектескім келеді, алайда ақшаны қалай аударамын?Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаймын ба?» деген сұрақтар жиі туындайтын. Ал, қазір біздің парақшада шын мәнінде адамдарға көмектесетін қорлардың тізімі берілген. Сол арқылы ақшаңызды мұқтаж жандарға сенімді түрде аудара аласыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Ерланқызы.
Қазіргі таңда Smart Astana мобильді қосымшасында 70-тен астам қызмет түрі бар. Аталған бағдарламаның көмегімен дәрігер қабылдауына жазылып немесе оны үйге шақыру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ кез келген азамат салықтық мәртебесін, жұмысқа уақытша жарамсыздығы туралы анықтаманың шынайылығын тексере алады.
Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап Smart Astana боямалары әзірленді. Балалар түсқағазды бояу арқылы цифрлық сауаттылығын арттыра алады. Малика Бектұрованың айтуы бойынша, бұл қызмет сондай-ақ балабақша, мектептерде, сауда орталықтары мен медициналық мекемелерде, т.б. жерлерде қолжетімді болмақ. Бастысы тегін жүктеп алуға болады.
Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қала тұрғындарының өмірін жайлы әрі ыңғайлы ету мақсатында Smart city концепциясы қолға алынған болатын. Соның бірі – елордада жүзеге асып жатқан Smart Astana жобасы. Аталмыш жоба аясында мемлекеттік қызметтер мен түрлі сервистер ашық және қолжетімді болып, қоғам өмірінің барлық саласы цифрлық форматқа көшіп жатыр.