Қостанайдың 28 жастағы тұрғыны 10 қыркүйекте полицияға бес жасар ұлының ұрланғанын айтып, шағым түсірді деп жазады өңірдегі полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Баланың анасының айтуынша, оның бұрынғы күйеуі ұлын балабақшадан алып, ұрлап кеткен.
Әйелдің сөзінше, ер адам мас күйде болған. Ол баланы белгісіз бағытқа алып кетіпті. Ұялы телефонына жауап бермеген.
Жедел тергеу тобы оқиға орнына көп ұзамай аттанған. Полиция іздеу шаралары барысында ер адамның мекен-жайын анықтап, оны қаланың басқа бөлігінде ұстаған.
Қазіргі уақытта ер адам медициналық айықтыру орнында, оған қатысты "Адам ұрлау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бала анасына қайтарылды.