11.09.2019, 22:15

Оралда 2 адамды автокөлік қағып кетті

19 жастағы жүргізуші «Ауди» көлігімен өтуге болмайтын жерде кетіп бара жатқан екі адамды қағып кеткен.

Оралда автокөлік екі кісіні қағып кетіп, оның біреуі қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін түнде Шолохов көшесі бойында орын алған. 

19 жастағы жүргізуші «Ауди» көлігімен өтуге болмайтын жерде кетіп бара жатқан екі адамды қағып кеткен. 

Қазіргі кезде аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, Шолохов пен Циолковский көшелері қиылысында болған жол-көлік оқиғасына жедел жәрдем сағат 03.20-да шақырылып, екі бригада алты минуттан кейін жеткен. 

1990 жылғы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды. Жасы 20-лардағы жігіт ашық бас-ми жарақатын алып, есінен танған күйінде облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. 

«Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сақпосынова.

Тегтер: Орал