Өзбек жастары қазақтың ұлы ойшылы Абай туралы өздерінің ана тілінде шығарма жазады.
Көрші елдегі Қазақ ұлттық мәдени орталығы ақынның 175 жылдығына орай осындай конкурс жариялап отыр. Мәдени орталық қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы тұлғаның үздік шығармаларын өзбек тіліне аударып, оқулық етіп шығарған. Оны Абдулла Рустамов тәржімалады. Мың кітапты жоғарғы және арнаулы білім ұяларына тегін таратпақ. Студенттер мен колледж тәлімгерлеріне жаңа жылға дейін шығарманы оқып, Абаймен жақынырақ танысуларына мұрсат берілді. Сосын бір күнде шығарма жазады. Ең үздік деген туынды авторына жеңіл көлік бар. Ал қаламы қарымды үш бірдей колледж шәкірттері Қазақстанда тегін оқуға жолдама алады. Қазірдің өзінде ниет білдірушілердің қарасы қалың, дейді ұйымдастырушылар.
Абдурахым Турдиев, тәлімгер:
– Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абайдың туындылары өзбек тіліне аударылғанына мен өте қуаныштымын. Осы кітапты оқып шығып, алдағы сайыста бақ сынасам ба деген ойым бар. Оған қатысушыға шектеу жоқ деп отыр. Сондықтан бұл үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.