Халқына қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін танытқан ХХ ғасырдағы арыстарымыз туралы ғибратты фильмдер жарыққа шықты. Ардақты арыстарымыз туралы фильмдерді «Назгүл Абутрапова» атты «ҮouTube» арнасынан көруге болады, деп жазады qamshy.kz.
«Ұлтының үлесіне ұлы құбылыс жасау жолында сол ХХ ғасырдың алыптары өз бәсекелестерінің бәсін түсіріп, кегін қоздырды. Көре алмаушылық қойсын ба, билік бұлардың бәрін енді жолын кеспестей етіп, биік шыңнан құзға қарай домалатты... Бұл алыптардың қатарында кімдер бар еді? Фильмде осы жөнінде ерекше толғаныспен айтылады, халқымыздың ірі тұлғалары туралы тарихи деректер молынан кездеседі», – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы баспасөз қызметінің басшысы Сырымбек Төлеуұлы.
Сонау 1920 жылы қазақ жерінің тұтастығы жолында басын қатерге тігіп, В. Ленинге дейін барған, сөйтіп 5,5 млн қазақ ұлты тұрып жатқан 3.467.922 шаршы шақырым жер көлемін бекіттіріп, өз миссиясын адал атқарып шыққан небәрі 29 жастағы Әлімхан Ермеков пен Алаш көсемдері болды.
Кешегі Кеңестер Одағын Хрущев басқарғандағы ең зор саяси қателігі – қазақ даласын сынақ алаңына айналдыруы мен жерін бөлшектеп Мәскеуге бағындырғысы келуі, ал, мұнайлы аймағын Түркіменстан мен Әзірбайжанға, оңтүстік өңірді Өзбекстанға бере салуы сияқты зұлымдық идеясына ашықтан-ашық қарсы шығып, ұлтының мүддесін қолындағы биліктен де биік қойған Нұртас Оңдасынов, «Кісендеулі жолбарыс» атанған Жұмабек Тәшенев, жан баспаған жапан даламыздың қойнауынан «қара алтынның» қоймасын ашқан Қаныш Сәтпаев пен Шахмардан Есеновтер, сондай-ақ, «Азияның асау жүрегі» атанған Оспан батыр еді...
Ендеше, осы алыптардың телегей-теңіз ғұмыр-дариясы кино тілінде көпшілік халықпен дидарласуға дайын. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков фильм түсіру идеясын ұсынып, кеңесшілік көрсетті. Сол «Биліктен биік тұлға» деректі фильмінің авторы – Назгүл Абутрапова.