Бүгін KASE қор биржасының таңертеңгілік сессиясында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 310,37 теңгеге жетті деп хабарлайды Tengrinews.kz. Осылайша шетелдік валютаның құны қараша айында орын алған антирекордқа 2 теңге жетпей қалды. Ол кезде (9 қараша 2015 жыл) 1 долларға шаққандағы теңге бағамы 312,65-ті құраған болатын. Алайда, артынша дереу 307 теңгеге төмендеген.
Бүгінгі сессияның ашылуында 1 АҚШ долларының құны тура 310 теңгеден бағаланды. Кейін 310 теңге 55 тиынға жетіп, сессия қорытындысында 310,37-ге тұрақтады. Саудаға барлығы 22 тұлға қатысып, 121 милион доллардан астам қаражат саудаланды. Қазір валюта айырбастау орындарында доллар бағамы 309,5-312,7 теңге арасында.
Айта кету керек, Ұлттық банк төрағалығынан Қайрат Келімбетов кеткелі бері интервенция жүргізу мәселесі көтерілген жоқ. Жаңа төраға Данияр Ақышев теңгенің арзандауын мұнай нарығындағы жағдаймен байланыстыруда.