Шымкентке бет алған FlyArystan ұшағы Алматы әуежайына қайтып қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы Ғалия Жақыпова есімді жолаушы Facebook-те жазды.
«Аман-есенбіз. FlyArystan әуе компаниясының Алматы-Шымкент рейсі кесте бойынша ұшып шыққан. Қажетті биіктікке көтеріліп қалғанбыз. Отызыншы минутта жолаушыларға (толық рейстің бортында 150-ден астам адам болды) техникалық себептерге байланысты ұшақ Алматы әуежайына оралуға мәжбүр екені хабарланды. Шынымды айтсам, өте қорқынышты болды. Бортта отырып әлі көп шаруа тындырып үлгермегенімді ұқтым», - деп жазды ол.
Өз кезегінде, FlyArystan компаниясындағылар мәжбүрлі қону себебін баяндап, түсініктеме таратты.
«14 қыркүйекте Алматы-Шымкент бағыты бойынша ұшқан FlyArystan әуе компаниясының КС-7105 рейсі кезінде компьютерлік жүйе жанармай жүйесінде қателік анықтап, экипаж ақауды жою үшін Алматы әуежайына қайта оралу туралы шешім қабылдады», - делінген ақпаратта.
Компанияның ақпаратына сенсек, рейстің кешігетіні туралы ақпарат берілгеннен кейін, тасымалдау ережелеріне сәйкес, жолаушыларға су мен тамақ берілген.
«Қауіпсіздік – біз үшін негізгі басымдық. Сондықтан, инженерлер ұшақтағы жүйелердің жарамдылығына көз жеткізу үшін тексеру жүргізеді. Оған біраз уақыт қажет», - делінген компаияның мәліметінде.