Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алматы облысындағы төтенше жағдай бойынша арнайы комиссия құрды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 қыркүйекте сағат 19:08-де Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінің Алматы-Отар учаскесінде №43 Алматы-Қостанай жолаушылар пойызы мен Setra маркалы №456 Алматы-Қаскелең жолаушылар автобусы күзетілетін өткелде соқтығысқан.
"Комиссия құрамына Көлік комитеті мен "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының өкілдері кіреді. Комиссия мүшелері оқиға орнына жол тартты", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Еске салайық, апат салдарынан автобус жүргізушісі қаза тауып, тағы үш адам зардап шеккен. Төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.