Рудный қаласының тұрғыны ҚР-ның заңы бойынша тыйым салынған журналдарды сақтағаны үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ақпараттық агенттігі Қостанай облысының Полиция департаментіне сілтеме жасай отырып.
Рудный қаласының 54 жастағы тұрғынынан ҚР-да тыйым салынған «Алла-Аят» сектасының жетекшісі Фархат Абдуллаев (Фархат ата ретінде белгілі) шығарған журналдар тәркіленді.
Сот қаулысының нәтижелеріне сәйкес, 15 журнал экстремисттік бағыттағы деп танылды. Оған қоса, мұндай журналдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, жариялауға және таратуға тыйым салынғаны анықталды.
Рудный сотының шешімімен ер адам ҚР-ның "Әкімшілік құқық бұзушылық" туралы кодексінің 453-бабының 4-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған құқық бұзушылық әрекеті үшін 100 АЕК немесе 252,5 мың теңге көлеміндегі айыппұл салынды.