$ 494.87  520.65  4.91

«Өзі сатқан»: 24 жастағы жоғалған барменге қатысты тың ақпарат жарияланды (ВИДЕО)

Хабар-ошарсыз кеткен Әнуарды қазір іздеу шараларына 70-тен астам еріктілерде үлес қосуда.

Елордада жоғалып кеткен бармен Әнуар Байзуров ұялы телефонын өзі сатқан. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мамандары айтты. Олар жоғалған жігіттің компьютерлік клубтар мен букмекерлерлік контораларда болғанын да анықтапты, деп хабарлады AstanaTV. 

Әнуар Байзуров табыс табу үшін Атбасар ауданынан елордаға биыл ақпан айында келген. Туыстарына қаладағы мейрамханалардың біріне бармен болып жұмысқа орналасқанын айтқан. Бірақ нақты қай жерде істейтінін олар да білмейді. Туысының үйінде тұрыпты. Соңғы рет 6 қыркүйек күні кешке туыс әпкесіне хабарласып, жұмыста екенін жеткізген. Бірақ ертеңінде жұмыстан үйіне оралмапты. 

«Әнуар жұмыстан келмеген соң, біз қоңырау шала бастадық, оның ұялы телефоны өшірулі болды. Мен оны бұрынғыдай екінші ауысымдағы жұмысқа қалды деп ойладым. Ертесі күні де хабар болмаған соң біз қатты алаңдадық. Дереу полицияға хабар бердік», - деді туысы Сұлушаш Ибраева.

Хабар-ошарсыз кеткен Әнуарды қазір іздеу шараларына 70-тен астам еріктілерде үлес қосуда. Олар жер-жерге іздеу салу парақшаларын жапсырған. Құзырлы органдар Әнуардың ұялы телефонын тапқан. Оны Шардара ауданының азаматы алып-сатарлардан сатып алғанын айтыпты. Ал, алып-сатарларға байланыс құралын Әнуардың өзі сатқан деп отыр.    

«Біз айғақтарды нақтылау үшін «Артем» сауда орталығында орнатылған камерадан бейнебақылау жүргіздік. Камерадан Байзуровтың телефонын сатқанын және белгісіз бағытқа кетіп бара жатқанын көрдік. Іздестіру кезінде еріктілермен, жедел қызметкерлер Байзуровтың түнгі және күндізгі уақытта бірқатар компьютерлік клубтар мен букмекерлерге бірнеше рет барғаны анықталды», - деп мәлімдеді Нұр-сұлтан қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының басшысы Дмитрий Демидов.

Криминалдық полиция қызметкерлері Есіл ауданының аумағында орналасқан барлық ойын-сауық нысандарын аралауда. Әзірге ешқандай дерек жоқ. 24 жастағы жігітті жедел-іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#жоғалған