$ 449.3  489.69  4.89

Қазақстан мен Қытай суперкомпьютер жобасы бойынша келісім жасады

Әлемнің ең үздік 500 өнімінің қатарына кіретін суперкомпьтер еліміздің жетекші университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне әкелінеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары барысында маңызды мемлекетаралық құжаттарға қол қойылды. Аталған маңызды құжаттар қатарында Қытай тарапынан елімізді суперкомпьютермен қамтамасыз ету бойынша келісім де бар.  

Әлемнің ең үздік 500 өнімінің қатарына кіретін суперкомпьтер еліміздің жетекші университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне әкелінеді. ҚазҰУ жаһанның 130-дан астам жоғары оқу орынын біріктіретін Жібек жолы университеті Альянсының халықаралық ІТ-технопаркін құру бойынша жұмыс істейді.
«Silicon Valley» моделі бойынша құрылған IT-технопаркі мен суперкомпьютерлік және бұлтты есептеулер орталығы ҚазҰУ-дың «Жоғары технологиялар аймағында» орналасады. Сонымен қатар бұл жерде «Индустрия 4.0» ұжымдық пайдалану орталығы және көрме орталығы да орын тебеді. Бүгінгі таңда оқу орнында инфрақұрылымды дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. 

Үкімет делегациясы құрамында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Белгілі жоғары технологиялық компания өкілдерімен жолығып, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша кеңес өткізді.
ҚР Президенті Пекиндегі Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің алтыншы отырысында сөйлеген сөзінде еліміз Қытай компанияларымен бірлескен инновациялық кәсіпорындар, технопарктер мен IT-орталықтар құруға мүдделі екенін атап өтті. 

Сонымен бірге екі ел арасындағы іскерлік жиында «Inspur» компаниясымен жоғары технологиялар бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар жоғары өнімді серверлер, ақпараттарды сақтау жүйелері мен дербес компьютерлерді өндіру жөнінде бірлескен жобаны жүзеге асыру, сонымен қатар алдыңғы қатарлы сандық технологиялар трансферті мен Big Dаta, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар сияқты түрлі бағыттарда ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, ҚазҰУ-да құрылған әлемдік деңгейдегі ІТ-технопаркі Елбасының ІТ-индустриясын қалыптастыру және елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қойылған міндеттерін жүзеге асыру драйверлерінің бірі саналады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары