$ 494.87  520.65  4.91

«Еш нәтиже жоқ»: арыстықтар құрылыс қарқынына наразы

Ауылдағы 550 үйдің ішінде зардап шеккен 19 үйге жөндеу жүрген. 100 үйдің тұрғыны «үйіміз бүлінді» деп шағымданғанмен комиссия растамаған.

20 қыркүйекте Арыстағы жарылыстан үйлері зақымданған Ақдала ауылының он шақты тұрғыны қала әкімдігіне келіп шағымданды, деп хабарлайды azattyq.org

Олардың айтуынша, үш айдан бері үйлері жөнделмей тұр. Арыс қаласынан тоғыз шақырым жерде орналасқан Ақдала ауылының тұрғындары қала әкімдігіне бұған дейін бірнеше рет келгенін айтады. «Әне-міне деумен үш ай өтті. Күз түсті, күн суытты. Біз әлі далада жүрміз» дейді олар.

«Жарылыстан бері әлі жүрміз. Еш нәтиже жоқ. Әкімдікке келеміз, ішке кіргізбейді. Бүгін тағы келдік. Үйлеріміздің терезелері, шатыры сынған. Жауын жауғанда қаңылтырмен бітеген болдық. Есік-тереземізді салып, шатырымызды жауып берсе болды», - дейді зейнеткер Сарбиназ Бахыржанова.

Байтуған Айдарбековтың сөзінше, Ақдала ауылы әскери қалашықтан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Жарылыс кезінде ауыл үйлеріне зақым келген. Сегіз үй бүлінген.«13 адам далада жатыр. Комиссия келеді деумен үш ай өтті» дейді тұрғындар.

«Біз артық нәрсе сұрап отырған жоқпыз. Жалғыз баспанамызды жөндеп берсе болды. Әкімдіктің есігін тоздырдық. Үкімет көңіл бөлсе екен», - дейді ауыл тұрғыны Назымкүл Аңдасова.

Ақдала тұрғындарының шағымын ауыл әкімінің уақытша міндетін атқарушы Берік Әбілқасымов растады. Оның сөзінше, ауылдағы 550 үйдің ішінде зардап шеккен 19 үйге жөндеу жүрген. 100 үйдің тұрғыны «үйіміз бүлінді» деп шағымданғанмен комиссия растамаған.

«Он бір үйдің мәселесі шешілмей тұр. Оларға енді екінші рет комиссия жіберілмек», - деді ауыл әкімі. Арыз-шағымдарын жеткізіп, «мәселелерін шешу» туралы билік уәдесін естіген соң тұрғындар сәлден соң үйлеріне кетті.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген. Билік өкілдері жарылыстан бүлінген үйлерді жөндеуге мемлекет көмектеседі деп уәде берген.

Түркістан облыстық әкімдігі 9 қыркүйекте қалада 8600-ден астам тұрғын үй барын, 7 000-нан астам тұрғын және көпқабатты үйлерде құрылыс жұмыстары аяқталғанын хабарлаған. Бұған дейін кейбір тұрғындар «құрылыстың баяу жүріп жатқанын», «сапасыздығын» айтып шағымданған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары