Бүгін Астана қаласындағы екі базардан өрт шықты, деп хабарлайды қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Таңғы сағат 08.31-де «101» пультіне Алаш тас жолы, 4 мекенжайында орналасқан Шарын базарының аумағында асхана өртеніп жатыр деген бірінші хабарлама түскен. Арада 8 минут өткенде оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылындағы өрт сөндірушілері жеткен.
«Анықталғандай, «Шарын» азық-түлік базарының аумағындағы асхана ретінде пайдаланылған 40 шаршы метр аумақтағы металл контейнердің ішіндегі жиһаз, ағаш төсемелер өртенген. Сағат 08.40-та көмекке шақырылған бөлімше кері қайтарылды»,-делінген баспасөз қызметінің ақпаратында. Жалпы, қызыл жалын 12 минут ішінде ауызықталған.
Сонымен қатар, сағат 10.00-ге жуықтаған уақытта Орталық базар аумағында тағы бір контейнер өртене бастаған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жеткен.
«Киім-кешек сататын Орталық базар аумағында 15 шаршы метр жерді алып жатқан контейнерде ер адамдардың қысқы киімдері өртене бастады. Өрт сөндірушілер өртті бірден өшірді»,-деп хабарлап отыр ТЖД. Жалпы, екі өртті сөндіру үшін жеке құрамдағы 3 техника мен 17 қызметкер жұмылдырылған.