11.12.2015, 03:46

Еліміздің су комитеті 74 млрд теңгені талан-таражға салған

Есеп комитеті қыруар қаржыны мақсатына жұмсамаған тағы бір министрліктің былығын әшкереледі деп жазады КТК телеарнасы.

 

Онсызда жемқорлығымен танымал Ауыл шаруашылығына қарасты Су ресурстары комитеті 103 миллард теңгенің 74 миллиардын талан-таражға салған. Тіпті, бюджет ақшасына көлік сатып алып, ешбір есепші, заңгерсіз жұмыс істепті.

Ислам Әбішов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы:

-Тексерулердің ешқайсында бізге ештеңе айтпаған соң біз ойладық дұрыс екен деп. Енді көзіміз ашылды. Сіздердің қызметкерлеріңіз тексерген соң бар ғой, менің де төбе шашым тік тұрды! Қалайша біз бухгалтерсіз жұмыс істеп жүре бергенбіз.

Төраға Ислам Әбішов осылайша көз алдындағы былықты енді білдім деп аң-таң. Еліміздегі су қоймаларына жауапты комитет құрылыс жұмыстарын дұрыс жүргізбеген. Министрліктің келісімінсіз бюджет ақшасын бейберекет жұмсағандар тіпті, су арнасына қажетті қондырғы алудың орнына 3 көлік сатып алыпты. Бірақ Әбішов машиналардың жұмысқа қажет болғанын айтып ақталып отыр. Осындай жүзден астам заң бұзушылықты анықтаған Есеп комитеті тергеу материалдарын жемқорлыққа қарсы агенттікке жіберіп қойды. Енді қолда бар ақшаны дұрыс игермеген шенеуніктермен тергеушілер айналысуы тиіс.