$ 494.87  520.65  4.91

«Мұхаммед пайғамбарды көргендей болдыңдар ғой!»: Мырзан Кенжебай Сағынтаевқа жағынған қаламгерлерге айқай салды

Бәрінің бүкіл назары, ықыласы, кейбіреулерінің бейшарадай жәутеңдеген жанары түгел Сағынтаевқа ауған.

Ақын Мырзан Кенжебай ақын-жазушылардың әкім-қараларға жағынып қалуға тырысып тұратын әдеттерін сынға алды. Айтуынша, ол Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңындағы еске алу кешінен түңіліп қайтыпты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жаңа ғана мархұм Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған кештен келдім. Алматы қ. әкімі Б. Сағынтаев қатысты. Әбіш ағаны еске алып сөз сөйлегендердің ішінде академик С. Қирабаев бастап сөз арасында ебін тауып осы әкімді мақтап өткендерге қаным қарайып ашу-ызамды кімнен аларымды білмей әзер шыдап отырғанмын. Бір кезде кеш те аяқталды. Әлдебір дүбір шыққанға арт жаққа қарасам, бір үйір тобыр ентелеп Б. Сағынтаевты қоршап апты. Бәрінің бүкіл назары, ықыласы, кейбіреулерінің бейшарадай жәутеңдеген жанары түгел Сағынтаевқа ауған. Ана жерде Иранбек Оразбаев деген сыбағасынан құр қалатындай ентелеп киіп барады», – деп налиды сыншыл ақын.

«Мырзан-қайғы» атанған қаламгер, басқасын былай қойғанда, ол жерде қалың оқырманға өршіл өлеңдерімен танылып, үнемі шындықты шырақ етіп ұстап жүргендей көрінген Иран-Ғайыптың әрекетіне шыдамай кеткенге ұқсайды.

«Алдындағы ашу+ыза ойыншық екен, есіме «Появление Христа перед народом» деген түсе кетті. Сол жерде солардың көбі еститіндей қып: «Ау, не болды, не болды? Мұхаммед пайғамбарды көргендей болдыңдар ғой! Өй, қандай сорлымыз?!» - деп айқайлап жіберіппін. Қарсы алдымда тұрған баяғы білім министрі, өте мәдениетті әйел Шәмшә Беркімбаева жымиып күлді де қойды. Ал Ақтаудан келген қонақ жігіт «халқыңыздың қандай екенін осыдан-ақ байқамайсыз ба? Несіне арамтер боласыз? Сізді танығасын айтып тұрмын», - деді. Үйге сырлас інім екеуміз жыларман болып қайттық. Қайда баратырмыз осы біз?» - дейді Мырзан Кенжебай.

Осындайда Қойшығара Салғараұлының бір сұхбатта айтқан «қазақтың соңғы зиялылары – Алаш арыстары» деген сөзі еске түседі. Ал қазіргі ақын-жазушылардың шынайы болмысын араларында жүрген әріптестерінің мына жазбасы-ақ айқындап тұрғандай.

Жалпы, өздерінің биліктен бірдеңе дәметуден әрі аса алмай қалғандарын тәуелсіздік алғалы бері ірілі-ұсақты шенеуніктерге бірінен соң бірі ода арнап кеткен аға буын жақсы түйсінуі тиіс...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары