Жер бетіндегі өміріңіз қашан аяқталатынын білмесеңіз, онда бұл жазба сізге арналады. Нақты қай жылы, қай күні өлетінін ешкім білмейді. Сіз де білмейсіз. Мойындайсыз ғой. Бірақ, жер бетінде мәңгі жүретіндей, өлмейтіндей асықпайсыз ғой ешнәрсеге, ешкімге... Осылай дедім жігітіме. Ол үйленбеген, мен де тұрмысқа шықпағанмын. Оның жасы 40-қа жақындаса, ал менікі 35-тен асып кеткен. Ұнаған жігіттерге өзім осылай «сөз айтып», отбасы құруға жетектемек болғанмын. Әрине, 2-3 жыл сезім жарастырып, ұзақ уақыт сөз жарастырып жүргеннен кейін айттым ғой. Бір емес, бірнеше жігітке әңгіме ауаны кеп тұрғанда осылай дегенмін. Олардың жауаптарын естіп шалқамнан түсе жаздадым. Бірі таң қалдырса, екіншісі қынжылтты. Үшінші жігіттің сөзі қорқытса, тағы бірі шошытты...
БІРІНШІ ЖІГІТ
Оның есімі Дәурен. Қалтасында 4 кілті бар. Пәтердің, автокөліктің, кеңсенің, сейфтің. Материалдық жағдайы өте жақсы. Табыскер, еңбекқор. Үйленбеген, жасы 37-де еді айырылысқанымызда. Оны 6 жасымнан танимын. Бір мектепте оқыдық, үш жас үлкен. Мен 9-сыныпта оқып жүргенде «Күзгі балда» арамызда сезім оты тұтанып, содан мен университетті бітіргенше қыз-жігіт боп жүрдік. Мен диплом алған кезде ол әр жұмыстың басын бір шалып жүрген еді. Топтағы қыздардың бәрі бірінен соң бірі тұрмысқа шығып жатқанда, менің де ақ келін атанғым келді. Сондықтан да созбалақтап жүре бергім келмеді де:
- Қашан үйленеміз? - дедім.
- Тұрақты жұмысқа орналасып алайын, - деді Дәурен. Ол жұмысқа тұрды. Мен де. Уақыт зырлап өтіп жатты. Құрбыларым 2-3 баланың анасы атанып үлгерді. Менің де ана атанғым келді.
- Қашан үйленеміз? - дедім, бұл жолы да мен. Одан бұл сөзді күтсем жүре беретін сияқтымын ғой.
- Үйленгеннен соң қайда тұрамыз? Пәтер сатып алайын да бірінші, - деді ол. - Біреуіміздің жалақымызды пәтер мен ас-суымызға жұмсасақ, екіншіміздікін депозитке салып жинаймыз. Мейлі, пәтерақы мен ай сайынғы азық-түлігімізге менің жалақымды жаратайық, ал сенің табысыңның мұртын бұзбай депозитке аударып отырайық. 5-6 жылда бір пәтердің ақшасын жинай алатын шығармыз, не бопты? Есесіне баламыздың да мектеп жасына қалай жетіп қалағанын аңғармай қаламыз, - деп уақытты ұтымды пайдаланудың жолын нұсқадым.
- Жоқ, олай болмайды. Бәрібір сен босанып, балаға қарап үйде отырғанда менің табысымды жаратуға тура келеді. Айттым ғой, біз олай ешқашан үй сатып ала алмаймыз. Одан да сен 2-3 жыл күтсей. Мен өз кәсібімді ашуды жоспарлап жүрмін, - деді жігітім. Үш жыл емес, ол алты жылдан соң екі бөлмелі баспана сатып алды. Бұл кезде оның астында ескілеу көлігі де бар еді. Әрине, алты жыл ішінде екеуміздің арамызда ұрыс-керіс те, түсінбеушілік пен келіспеушілік те болды. Талай рет айырылысып, қайта табыстық. Дәурен үйін күрделі жөндеуден өткізген соң, қонысын жумақ боп он шақты досына дастархан жайды. Бәрі құтты болсын айтып жатыр. Сөз кезегі маған келгенде:
- Енді осы үйдің еденін жуып тазалығын сақтайтын, береке кіргізіп, ішін балаға толтыратын әйел керек қой. Ертерек үйленіп, отбасылы бол, - дедім тілек айта отырып өзімнің де тілегімді білдіріп. Бірақ, Дәурен менің не айтпақ болғанымды түсінбеген секілді. Ол тағы да үйленуді кейінге қалдыра берді. Оның аузынан «үйленейік» деген сөздің шыққанын тағы біраз күттім. Шыдай алмай тағы да сол тақырыпты қозғадым. - Күйеу баланың мынандай ескі машинамен барғаны ұят қой. "Тойотаға" ауыстырайын, сосын үйленем, - деді. Бұл кезде оның жасы 30-дан асып қалған болатын. Айтқанындай бірер жылда кәсібін кеңейтіп, машинасын жаңартты.
- Енді үйленіп алсайшы. Келіншек жұмысыңа кедергі болмайды ғой. Керісінше, кешке келгенде ыстық тамағың дайын, киімің жуулы, төсегің салулы тұрады. Ал, сенің ойың тек жұмысқа арналады сонда, - дедім бір күні. - Тамақты өзім де пісіре аламын ғой. Ал, кірді жуатын кір машинасы бар. - Баланы ше, сен туа аласың ба? Тағы қанша жыл өмір сүретініңді білесің бе? Әке атанғың келмей ме? Ертең бәрібір о дүниеге үйіңді де, көлік пен дүниелеріңді де алып кетпейсің ғой. Балалы болуды неге ойланбайсың? Артыңнан құран оқып тұратын ұрпақ керек шығар?!
- Әке болуға асықпаймын. Бала – проблема. Оны бағу, өсіру оңай емес, ертең мектепке барады, оқыту керек, киіндіру, үйлендіру қажет... Қолында қос-қос кілті болғанымен, өмірдің басты кілтін ұстағысы келмейтін Дәуреннен көңілім суи бастады. Оның неге үйленгісі келмейтінін анық біле түсінбедім. Әлде, басқа сүйгені бар ма екен?.. Мүмкін жүрегінің кілтін басқа қызға бергісі келетінін айта алмай жүрген болар?! Әлде, менікі дұрыс емес пе?.. Осындай ойларға оралып жүріп, бір күні нақты шешімге келдім. Аз жыл күткен жоқпын, жетер. Не үйленбейді, не нүкте қоймайды. Бұндай байланыс қай қызға керек?
ЕКІНШІ ЖІГІТ
Қанат есімді жігітпен жұмыстағы әріптесім таныстырды. Жігіттің жасы 38-де. Баспанасы жоқ. Көлігі де, тұрақты жұмысы да жоқ. Қыз қызығып қарайтындай бұлтиып тұрған бұлшықетті шымыр дене де жоқ. Тырбиған қара жігіт. «Бастысы, жуас. Басыңа әңгіртаяқ орнатып, әкіреңдеп тұрғаннан сол жақсы емес пе?! Мүлде үйленбеген, бұл оның артықшылығы. Ажырасқандардың табысы ғана емес, ой-санасы да әрдайым екіге бөлінеді. Бұл жағын да ойлап қой. Сенің жасыңда мұндай сүрбойдақ жігіт кездесе бермейді» деп әріптесім күнде айта берген соң, жақынырақ танысып, кездесіп көруге келістім. Үйі де, көлігі мен кәсібі де бар жігітпен жүріп көрдім ғой, бекерге қаншама уақытымды жоғалттым. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» дейді ғой, бастысы жігіт жақсы болса, ешнәрсесі болмаса да жүрегінде иманы болса жетеді деген оймен сөйлесіп жүрдім. Төрт ай телефонда сөйлесіп жүрдік. Ол кезде Қанат басқа қалада жұмыс істейтін. Кейін ол келді. 4-5 рет кездескеннен соң ол маған үйленуге ұсыныс жасады. Көзді жұмып тимек болдым. Шынымды айтсам, бұл уақытта мен келісті келін, сүйікті жар болуды емес, тек ана атануды қалап жүргем. Сондықтан, маған үй де, күй де маңызды болмай қалған еді. Алайда мен оның ішімдікке жақын екенін байқай бастадым. Кім ішпейді, тәйірі?! Жұмыссыз адам ерігеді, зерігеді, сосын ішпегенде не істесін?! Осылай өзімді алдаусыраттым. Бірақ, кездесіп жүргенімізге 5 ай болса да, оның жұмыс іздеуге әрекеттенбегені және сыра сасып кездесуге келетіні мені таңдандырды. Ол інісі мен келінінің жалдамалы пәтерінде тұрады. Бір күні інісі, келіні төртеуміз бірге қыдырдық. Олар қайтатын болды да, біз саябаққа барамыз деп қалдық. Қанат інісін тоқтатып «Темекіге және таксиге ақша тастап кетші» деді. 37 жастағы ағасы 22 жастағы інісінен ақша сұрап тұр. Менен де, келінінен де ұялмады. Одан кейін де бірнеше рет інісінен ақша сұрағанын көрдім. Ол намыстанбады, керісінше дардай жігіттің кішкентай інісінен ақша сұрағанына мен намыстанып кеттім. Бұл жұмысқа тұрмаса осылай ішіп жүре береді, ешнәрсе ойламайды да деп, Қанатты жұмысқа орналасуға итермелек ниетпен: "Үйленгеннен соң қайда тұрамыз?" деп сұрадым. Осы уақытқа дейін «жұмыс іздесей, жұмысқа орналассай» деп айтқанымнан түк шықпаған соң, осылай астарлап жеткізуге тырысқаным ғой өзімше.
- Пәтер жалдап тұрамыз, - деді ол.
- Пәтерақы төлеу үшін жалақың болу керек қой. Ал, жалақы алу үшін жұмыс істеу керек. - Үйленгенше інімнің пәтерінде тұрам. Жұмысты үйленгеннен кейін істеймін. Өз басым «дейін» істелмеген нәрсе «кейін» де орындалмайтынын білем. Бұған талай рет көз жеткізгенмін. - Тым болмаса тұрып жатқан пәтеріңнің коммуналдық шығындарын төлесең ініңе көмек болады ғой. Жалақысы аз жұмыс болса да істей берсейші. Інің мен келініңнен ұят емес пе?! - деген сөз қалай аузымнан шығып кеткенін байқамай қалдым. - Мен олармен бірге тұрсам да, тұрмасам да бәрібір өздері үшін пәтарақы төлейді ғой. Қанаттың мына сөзінен кейін аузыма құм құйылды. Жұмыс іздегісі де, істегісі де келмейтінін анық білдірді. Арада біраз уақыт өткеннен соң өзі хабарласты. Үйленгісі келетінін айтты. Мен оған: - Үйдегілерге тұрмысқа шығатынымды айтып едім, жігіт қандай жұмыс істейді деп сұрады. Келесіде тағы сұраса не айтайын, - дедім сызылып. Осылай айтсам, оның намысы оянар, ойланар дегем ғой. Қайдағы, шатасыппын. - Директор деп айтсай, ауаның... жо-жоқ, жұмыссыздықтың директоры десей, - деп күлді әзілге айналдырып. Оның бұл жауабына не дерімді білмей мен де оған қосылып күлдім. Одан кейін де ол қоңырау соғуын қоймады. Әсіресе, мас кезінде қайта-қайта қоңырау соғып, миымды ашытады. Не салмақты сөзі жоқ, не нақты айтары жоқ. Бірде сөздің орайы келгенде:
- Мейлі, үйленсек үйленейік. Ертең мен жүкті болып, декреттік демалысқа шыққанда өзің үшін жұмыс іздерсің, - дедім. Мен бұл сөзді шынымен айттым. Сүйгендіктен емес, мүмкін аяушылықпен... Әлде соңғы кезде айналамдағы адамдар ғана емес, сағаттар да маған «Тик-так, тик-так, уақыт өтіп барады бойдақ» дейтіндей, қайта-қайта балалы болуды ойлай бергеннен бе, Қанатпен тағдырымды қосақтамақ болып жүргем.
Ал, ол: - Декретке сен емес, мен шығам, - деді. Ол бәрін жоспарлап қойыпты. Тіпті, қалың малды үйленгеннен соң бөліп-бөліп төлейтінін де айтты. Жоспары бойынша, мен жұмысымды жалғастыра береді екенмін, ал ол балаға қарайды.
- Қазір Қазақстанда 80 мыңнан астам әке декреттік демалыста жүргенін білесің бе? Декреттік демалысқа шығып, бала тәрбиесімен айналысамын деген ер-азаматтарға заң бойынша ешқандай кедергі жоқ.
- Бірақ, декреттік демалысқа шығу үшін де бірінші жұмысқа тұру керек шығар?! Жұмыссыз еркек қалай декретке шығады? - Менің бір досым шықты ғой, - деп сөз таластырды. Ойнап айтып отырған шығар десем, жоқ, ойланып айтып, Еңбек Кодексіндегі баптармен сөйлегенде, үнсіз қалдым. Шынымды айтсам, заң жағынан хабарым жоқ және бұл туралы ойланбаппын да. Декертке шыққанда мемлекеттен қандай төлем төленетінін де білмейді екенмін. Ал, Қанат бұның бәрін біледі. Қанаттың соңғы сөзінен кейін есеңгіреп қалдым. Белгілі бір себептерге байланысты, мүмкін күйеуінің денсаулығына орай немесе әйелінің жалақысы оныкінен көп болған жағдайда (ипотека, несие т.б. төлеу үшін) декретке шығып жатқан ер-азаматтар бар шығар, бірақ жұмыс іздеуге, істеуге ерініп айтқан жігітімнің бұл сөзінен кейін, оның өзінен шошып, қаштым. Інісінен темекіге ақша сұрап, 1 жылдан бері оларға масыл боп жатқан еркек әйелінің орнына декрет алудан да ұялмайтыны анық. Кейін ол қанша телефон шалса да тұтқаны көтермедім. Бір күні ол былай деп смс-хат жазып жіберді: «Сен солай жүре бер. Ал, мен жұмыс істемесем де, жағдайы жақсы әйелдің қолына кіріп ала аламын». Оның смс-хатын оқып құлап қала жаздадым. Күлкім келді, бірақ іштей жылап тұр едім... Намыссыздығына жыладым...
ҮШІНШІ ЖІГІТ
Өзімнен жасы кіші жігіт ғашық болады деп ойламаппын. Қанатпен айрылысқан соң, ойда-жоқта Ерденмен таныстым. Ол ажырасқан екен. Бір үйдің жалғыз ұлы. Көрікті жігіт, бірақ кездескім келмеді. Екі жас кіші, оның үстіне мұндай бай жігіттер жас, сұлу әрі сәнқой қыздарды қалайды. Ал, мен уақыт өлтіріп, қызық қуып жүретін жаста емеспін. Бірақ ол қайтпады, қымбат көлігімен күнде подъезд алдынан күтіп алып, жұмысқа жеткізіп салады. Түрлі сыйлықтар сыйлап, қымбат ресторандарға апарып, жүрегімді жаулаудың түрлі әдісін жасап әрекеттенді. Ата-анасының Атырауда екенін айтып, қоярда қоймай бір күні үйіне де ертіп барып екіқабатты коттеджін көрсетті мақтанып. Расында да, ол мені ұнатып қалғанын, үйленгісі келетінін дәлелдеп әуреленді. Бірақ, уақыт алға озған сайын мен оның шынайы өмірімен таныс бола бастадым. Бір рет емес, үш рет үйленіп ажырасқан екен. Бір емес, үш-төрт банкте қарызы бар. Ай сайын төлейтін несиесі қыруар. Одан бөлек айналасындағы таныс-біліс, дос-жараннан алған қарыздарында да есеп жоқ сияқты. Бір күні ол жуынатын бөлмеге кіріп кеткенде телефонындағы суреттерді көріп отырып, вацаптағы анасының аудиодыбыспен жазған сөздерін естіп қалдым. «Ұлым-ау, салған ақшаны тағы да картаға тігіп жібергенсің бе? Бір күнде 900 мың теңгені ойланбастан ойынға салып жіберу не масқара? Нағашыңнан да тағы қарыз алыпсың. Қашан қоясың осы әдетіңді? Екі дипломың бар, ойын ойнағанша жұмыс істесейші. Тым болмаса, қарыз алуды доғаршы. Сенің қарыздарыңды жабу үшін суық күнде базарда тұрған әке-шешеңе қалай жаның ашымайды?» деді анасының аудиожазбасы. Екінші аудиодыбысты басқанымда анасының сөз соңында егіліп жылағанын естіп жүрегім езілді. Вацаптағы хаттарды оқып отырсам, бұдан қарызын өндіре алмай жүрген адам көп. Қалайша ойланбастан, қорықпай қарыз ала берген? Таң қалдым. Бірақ, телефонындағы хаттарды оқығанымды сездірмедім. Бір күні ол маған көліксіз келді. Машинасының жөндеуде жатқанын айтты. Алайда сол күні оның үйінен көлігінің ломбардқа қойылғаны туралы қағазды көзім шалып қалды. Бұл кезде де үндемедім. Не деймін? Мен оның әйелі емеспін, анасы емеспін. Байланысымызды қалай үзуді ойлап басым қатты. Бір жағынан оған жаным да ашитын сияқты. Осылай екіұшты оймен жүргенімде бір отырыста ол мас боп қалды. Есін білмейді, бір нәрсеге ұрынып қала ма деп, үйінде бірге қалдым. Сол күні түн ортасында зіңгіттей-зіңгіттей үш еркек кіріп келіп, Ерденмен оңаша сөйлесті. Екеуі орыс, біреуі түрік шамасы. Бір уақытта олар Ерденді ұра бастады. Мен телефонға жармаса беріп едім, біреуі қолымнан жұлып алды да, сүйреп апарып асүйге қамап қойды. Біраз уақыттан соң аузы-мұрны қанға боялған Ерден әрең кеп есікті ашты. Әлгілер кетіп қалыпты. Ерден «жедел жәрдем» де, полиция да шақыруыма қарсы болды. Мән-жайды сұрап едім, «қарызбын ғой» деп қысқа қайырды. Қарызының қанша екенін сұрамадым. Аз ақша болса, олар осылай ұра ма? Одан басқа қарызы жоқ болса, джипін ломбардқа қоя ма? Күнде үйіне банктің қоңырау шалатыны да тегін емес. Сонда бұл қанша қарыз? Әке-шешесі ай сайын бұның банктен алған несиелерін құйып жатыр. Бұның машинасын ломбардқа қойғанын ата-анасы білмейді. Бір күні бұл үйін де кепілдікке қоя салады. Оны осындай мәселелердің ортасында тастап кете алмадым. Ойынқұмарлығын, ойланбай қарыз ала беретінін қойдырмақ боп әрекеттеніп-ақ көрдім. Бірақ, оның бұл «ауруы» тым асқынып кеткен екен, асқынған ауру емделе ме?.. Бір күні анасы қоңырау соғып, екеуінің телефондағы сөздерін естіп қалдым. Менің көзімше анасына айқайлап, былапыт сөз айтқанда, тура маған айтып жатқандай түйілді. Анасына ондай сөзді айтқан ұл ертең әйеліне де айтады. Анасына жаны ашымаған ұл әйелін аяй ма? Әке-шешесі өле-өлгенше ұлының қарызын төлейтін шығар?! Одан кейін ше, кім төлейді? Әйелі ме? Қорқынышты... Қорқынышты болса да мен одан кейін де оның қасында жүрдім. Тек бір күні маған «Сенің несиең жоқ па? Несие алып берші, өзім төлеймін» дегенде, одан «қаштым». Мен бұдан кейін де жасы отыздың ортасына келгенмен де, қырықтан асқанмен де танысып, арасынан күйеу іздеуді жалғастырдым. Бірақ, електен өтпей қалғандар ылғи. Тіпті, қырықтан асқан жігіттің бірі «Асыққан – шайтанның ісі» дегенде қайран қалдым-ау! «Асыққан шайтанның ісі» деген сөз бар әрине. Бірақ, бұл пәниде ғана емес, о дүниеде де сұрауы болатын төрт нәрседе асыққаныңыз жөн болар.
АСЫҒЫҢЫЗ... Бірінші – үйленуге, өйткені жас ұлғайған сайын еркектің де бала тудыру қабілеті кеми береді. Бұған өмірде дәлел көп-ақ. Перзенттік парызыңыз сұралғанда не демексіз? Үшінші – біреуді ренжітіп алсаңыз, кешірім сұрауға асыққан жөн дер едім. Ешкімді ренжітпей, ешкімнің наласына қалмай өмір сүргенге не жетсін, шіркін?! Ренжіткен адамыңыздың ертең қайтыс болғанын естісеңіз, көңілде өкініш қалмай ма? Олай болса, ренжіттіңіз бе, дереу кешірім сұраңыз. Әсіресе, ата-ананы ешқашан ренжітпеңіз. Төртінші – қарызыңызды қайтаруға асығыңыз, оқырман. Себебі, кез келген күні ұйқыңыздан оянбай қалуыңыз әбден мүмкін. Сол кезде қарызыңызды кім өтейді? Перзенттеріңіз бе, әлде ата-анаңыз ба? Мысалы, Дәурен мен Қанат ертең көз жұмса, олардың қарызын төлейтін ұл-қызы бар ма? Ата-ана ма, оларға ұлының қарызын төлеу оңай ма? Тірі кезіңізде оларды разы еткеніңізбен, өлгеніңізде қарыз қалдырып кетсеңіз риза бола ма? Ерден ше, қазір де қарызын төлеумен өмірі өтіп жатқан қамкөңіл ата-анасы ол кеткеннен кейін риза болар ма екен? Табарани «Қарызын өтемей өлген адам қабірінде қамауда жатады» деп риуаят етсе, Тирмизи «Мүминнің рухы қарызын өтегенге дейін шырмалған күйде жатады» деген. Ал, асығу қажет бұл төрт нәрсе әр адам үшін Қарыз және Парыз. Парыз бен Қарызыңызды өтемей о дүниеге бару қорқынышты-ақ. Олай болса, асығыңыз, осы төрт нәрсені орындауға. Асығайық. Өйткені, қашан, қай күні демі таусылатынын ешкім білмейді.
Табиғат ҚАЛЫБЕК