$ 498.34  519.72  4.85

Арыстағы жарылыста жараланған 3 сапердің жағдайы ауыр

Осыдан үш айдай бұрын Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан.

21 қыркүйекте Арыстағы қару-жарақ жоятын полигондағы жарылыста зардап шеккен үш сапердің жағдайы ауыр, біреуінің жағдайы орташа, алтауының халі тұрақты. Бұл туралы 23 қыркүйекте үкімет отырысынан кейін елдің қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады.

"Арыстағы қару-жарақ қоймасында өте күрделі жұмыстары басталды. Осы жұмыстар барысында әскери бөлімшеден жарылатын, жарылмайтын қару түрлерінің фрагменттері табылып жатыр. Оқ-дәрілер Арыстан 60 шақырым жерде орналасқан полигонда жойылып жатыр. Жергілікті тұрғындарға, Арыс қаласына қазір қауіп жоқ" деді Ермекбаев.

21 қыркүйекте Арыс қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан полигонда оқ-дәрілерді жою кезінде он сапер жараланған. Олар әскери госпитальға жеткізілген.

Осыдан үш айдай бұрын Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, қоймадағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген.

Осы оқиғадан соң елдегі әскери қоймалардың жағдайы мен қойма маңындағы тұрғындар қауіпсіздігі мәселесі көтеріле бастаған.

Соңғы он жылда Арыс қаласында әскери қару сақталатын қоймаларда төрт рет жарылыс болып, бірнеше адам қазаға ұшыраған. Биыл маусымдағы жарылыстан кейін қорғаныс министрлігі әскери оқ-дәрінің "елдімекендерден аулақ жерге" көшірілетінін мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Арыс қаласы